Биылғы жыл мерейтойларға толы жыл болып отыр. Елеулі мерейтойлар қатарында шертпе күйдің негізін қалаушы, композитор Тәттімбет Қазанғапұлынын 200 жылдығы да бар. Осыған орай, кітапханада ақпан айының 24 жұлдызында «Шертпе күйдің шебері» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.
Абыз күйшінің асыл мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында өткізілген әдеби-музыкалық кеш - өскелең өнерпаз жастарымыздың дәстүрлі өнердің кәусар бұлағынан нәр алып, шеберлігін шындауға зор ықпал етері сөзсіз. Сонымен қатар, күйшінің өнегелі өмірі мен шығармашылығы туралы оқырманға ақпарат беру, кітапханамыздағы Тәттімбет туралы әдебиеттермен таныстыру әрі насихаттау.
Кештің көздеген мақсатына жетуі үшін арнайы қонақтар шақырылды: Нәзипа Асқар – журналист, ҚР Журналистер Одағының және облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Кәріпбеков Қабдұлқұмар – Егіндібұлақтық тума талант, Тәттімбет күйлерін насихаттаушы, Сүлейменова Насипханым – Тәттімбет атындағы өнер колледжінің "Халық аспаптар бөлімінің" оқытушысы, Бегалин Айбек – ҚР суретшілер Одағының мүшесі, ҚР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Тәттімбеттің ұрпағы, Бақыраев Қанат – Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің домбырашысы.
Ұрпақтар жалғасы іспетінде өткен бұл кешке Тәттімбет атындағы өнер колледжі мен медициналық колледждің студенттері қатысып, күйші бабаларының өмірі мен шығармашылығы жайлы көптеген мағлұматтар алып, әуезді күйдің толқынында тербеліп қайтты.
Бұл кештің басқа кештерден ерекшелігі – «шеберлік сыныбының» өтуі. Қазақтың киелі домбырасын қолына ұстап келген жас толқынға Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің домбырашысы әрі ұстазы Бақыраев Қанатбілім мен шеберліктен сабақ өткізді.
Өнерге толы осы кездесудің бір шеті күй әлеміне жетелесе, бір шеті сурет әлеміне апарды. Ал №81 орта білім беретін мектептің 3 сынып оқушысы Құлмағанбет Нурбек Аянұлы жиналған қауымды К. Салықовтың «Тәттімбет» поэмасынан оқыған үзіндісі арқылы поэзия әлеміне жетеледі.
Ал кітапхана қоры тағы бір кітаппен толықты: француз тарихшысы Алез Гзавьенің Тәттімбет Қазанғапұлының өмірі мен шығармашылығына арналып жазылған француз тіліндегі электронды нұсқасы осы күні қорымызға түсті.