Бұл күндер мәңгілік жадымызда
2015 жылдың мамыр айында адамзаттың барлығы дерлік 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейлі 70 жылдығын атап өтеді.
Мереке аясында Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды ОӘҒК іс-шаралар жоспарын дайындады.
Ұлы Жеңіс... Жеңіске жетудің жолы ұзақ та ауыр болды. Ерлікке, қаһармандыққа, бейнеті зор еңбекке, орны толмас қайғыға толы болған, жаудың бетін қайтармыз деген сенімге ұласқан соғыстың 1418 күні. Халқымыздың фашизммен күресу жолында миллиондаған адамның өмірі майдан даласында қиылып, тағдыры қыршынынан үзілді. Әр отбасын соғыстың оты шарпып өтті. Олардың есімдері ешқашан ұмытылмайды, ер есімдері ұрпақтан ұрпаққа жетіп, әркімнің жүрегінде сақталары ақиқат.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс – Отанды қорғау деген бір мақсатпен жұмылған әртүрлі ұлттардың миллиондаған адамының жасаған әскери әрі еңбек ерлігінің арқасында келді.
Жеңіске жетуге қарағандылық жерлестеріміздің қосқан үлесі зор.
Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен бастап Қарғанды облысының тұрғындары Отан қорғаушылар қатарына қосылды. Соғыс әскерінің қатарына 59935 адам кірді. Облысымызда 72-ші Красноград атқыштар, 387-ші Перекопск атқыштар және 310-шы Новгород атқыштар дивизиясы құрылды. 45 мыңға жуық қарағандылықтар әртүрлі майдандарға қатысты. Қарағандылық жерлестеріміздің Дүниежүзілік соғыстың барлық ірі шайқастарына қатысып, Мәскеуден бастап Берлин, Прага және қиыр Шығыс жерлерінде қандары төгілді. Мәскеу түбіндегі шайқаста 1267 қарағандылық қаза тапты, Ленинградты қорғауда – 1949, Сталинградты қорғауда – 2187, Курск шайқасында – 1405, Украина шайқасында – 6869, Белоруссияда – 88, Прибалтика – 823, Шығыс Еуропа елінде – 934, Берлин шайқасында – 375 адам қаза тапқан. Жапон милитаристерімен шайқаста біздің 39 жерлесіміз қаза тапты. Отан қорғау алдында майданға шақырылған әрбір төртінші қарағандылық өз өмірін қиған.
Фашизммен кескілескен шайқаста жасаған біздің жерлестеріміздің ерлігі Қарағанды облысының тарих беттерінде өшпес із қалдырды. Көрсеткен қаһармандығы үшін, әскери ерлігі мен Отанға деген жанқиярлық махаббаты үшін 54 қарағандылық жерлестерімізге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, ал 15адам Даңқ орденінің толық кавалері атанды. 6600-ге жуық адам қаһармандығы мен ерлігі үшін ордендері мен медальдердің иегерлері атанды.
Жеңіс Ұлы Отан үшін қантөгіс шайқаста ғана емес, сонымен қатар соғыс майданынан алшақ жердегі тыл еңбеккерлерінің еңбегімен де келді. Еңбек майданындағы ерлік жауынгерлік ерлікпен тепе-тең. Халық "Барлығы майдан үшін! Барлығы Жеңіс үшін!" деген ұранмен өмір сүріп, еңбек етіп келді. Соғыс жылдарында қарағандылықтар майдан мен тыл қажеттілігі үшін көмір, мыс, молибден, марганец және ауылшаруашылық өнімдерін үздіксіз жіберіп отырған. Жау Донецк көмір бассейнін уақытша жаулап алды, сондықтан да Қарағанды бассейні еліміздегі екінші негізгі көмір базасына айналды. Соғыс жылдарында көмір өндірісі 2,3 есе артты, 39 шахта жұмыс істеді, онда 43 мың адам еңбек етсе, оның 12 мыңы әйел адамы, ал сол әйелдердің 7116 адамы көмір өндірісінде еңбек етті. Отан қорғау қатарына шақырылған кеншілердің орындарын лавада олардың әкелері, әйелдері, балалары басты. Шахталарға демалыстағы зейнеткерлер қайтып келіп еңбек етті. Әйелдер кен қазушы, бұрғылаушы, электровоз машинисі сынды ер адамдардың мамандықтарын жетік меңгерді. Олардың көпшілігі еңбек ету барысында жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді. Қарағанды кеншілері соғыс жылдарында 34 млн. тонна көмір өндірген. Кеншілер 6 рет Отан қорғау Мемлекеттік комитетінің Қызыл Ту орденіне ұсынылған.
Шахтаны жедел қалыпқа келтіру үшін жау қолынан босаған Донбассқа барлық күш-жігер жұмсалды. 1943 жылы және 1944 жылдың қысында жұмыскерлер мен жетекші салалардың мамандарымен бірге 17 вагон тау-кенінің құралдары, техника және азық-түлік жөнелтілді.
Соғыс алдында құрылған Балқаш мыс балқыту заводының жұмыскерлері де ерлік еңбектерін жасады. Соғыс жылдарында бұл жерде Колчак түсті металл зауыты жұмыс жасады. Молибденнің кен орнын ашу бойынша зерттеу жұмыстары басталды. 1940-1945 ж.ж. мыс балқыту өндірісі 203%-ға өскен. КСРО-да ерітілген 100 тонна молибденнің 60 тоннасы "Восточный Коунрад" Балқаш кен ошағында өндірілген. Яғни, айтар болсақ, әрбір оныншы оқ, әрбір алтыншы снаряд Балқаш жерінің шикізатынан дайындалған.
Батыс металлургиялық орталығының жау қолына түсуі себептерінен еліміз танкі, зеңбірек, кеме жасап шығару үшін қажетті болат балқыту мүмкіндігінен айырылды. Осы себептерден Самарқант кентінде (қазіргі Теміртау қаласы) халықтық құрылыс әдісімен қазақ металлургиялық зауыты салынды. Қысқа уақыт ішінде құрылыс мамандығын меңгерген 1300 жұмыскер дайындалды. Аянбай тер төккен еңбек арқасында 1944 жылы 31 желтоқсанда завод іске қосылып, алғашқы қазақстандық шойын алынды.
Осы жылдары Қарағанды облысының экономикасы ерекше қарқынмен дамыды. Бұған облысқа көшірілген зауыттар, жаңа кәсіпорындар құрылысы өзіндік үлесін қосты. Қарағанды облысына 50 мыңға жуық жұмыскерлер, инженерлер көшірілді, отан қорғауға арналған өнімдер өндіретін одақтық мәні бар 54 және 12 республикалық кәсіпорын қайта құрылып, қатарға қосылды. Қарағанды темір жолы еліміздегі ең ірі магистральдердің біріне айналды. Осы жол арқылы мыңдаған адамдар, құралдар, зауыттар мен фабрикалар тасымалданған. Ол Орал және Сібір өнеркәсібін қарағандылық көмірмен, Балқаш мысымен қамтамасыз етті.
Соғыс жылдарында қалалық және ауылдық еңбеккерлер көптеген патриоттық бастамалар жасаған. Отан қорғау қорын құру бойынша бүкіл халықтық қозғалыс кезінде қарағандылықтар 100 млн. рубльден жоғары сомада мемлекеттік қарыз хаттың құнды қағаздарын игерген. Бұл қаражатқа "Шахтер Караганды", "Комсомол Караганды", "Железнодорожник Караганды"сынды танк колонналары, "Женщина Караганды" әуезвеносы, "Комсомолец Казахстана" сүңгуір қайығы, "Нүркен Әбдіров" ұшағы жасалды. Ленинград майданының жауынгерлеріне және Нева қаласының тұрғындарына 10 вагон азық-түлік жіберілді. Соғыс жылдарында қарағандылықтар майданға барлығы 94 вагон азық-түлік, 37 мың жұп қысқа тоңдар, 24 мың жұп қолғап, 10 мың құлақшын-бас киім жіберген. Қарағанды облысының еңбеккерлерінің күш-жігерлері мен тауқыметі Ұлы Отан соғысының Жеңісіне жақындатты.
Қарағанды басқа жақтан қоныс аударған адамдар үшін екінші үйіне айналды. 1942 жылғы статистикаға сүйенсек, Қарағанды облысына 22617 адам келген. Облыста көптеген балалар үйі ашылған. Тек бір ғана Көпшілік балалар үйінде Украинаның үш бірдей балалар үйі орналастырылған.
1941 жылдың соңында Қарағандыда еліміздің батыс өңірінен келген жаралыларды емдеуге арналған 6 эвагоспитальашылды. Онда облысымыздың үздік дәрігер мамандары: Г.А. Алалыкин, П.М. Поспелов, В.И. Башкирцев, А.Г. Боровик, Т.А. Коломенская, К.А. Адилбекова және т.б. жұмыс істеген. Қаламыздың барлық тұрғындары жаралыларды күтуге жаппай көмек көрсеткен. Госпитальдерге Қарағандының ірі кәсіпорындары қамқорлық көрсетті.
Соғыс жылдарында қажырлы еңбегі үшін 31 адам Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, 116 адам "Құрмет белгісімен" марапатталған.
Қарағанды қаласы жауды талқандаудағы айырықша еңбегі үшін 1984 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Мінекей, бейбіт ашық аспан аясында өмір сүріп келе жатқанымызға 70 жыл болды. Соғысқа қатысып, майданды көрген жауынгерлер қатары күн артқан сайын азайып келеді. Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлер мен тыл еңбеккерлері кейінгі ұрпаққа үлгі болды. Бүгінгі күні Қарағанды облысында 374 Ұлы Отан соғысының қатысушысы және 20 мыңға жуық тыл еңбеккерлері бар. Біздің басты парызымыз олардың есімдерін мәңгі есте сақтау, оларға құрмет көрсету, өскелең ұрпаққа оларды үлгі ете отырып, патриоттыққа, ынтымақтастыққа, отансүйгіштікке, өзара түсіністік пен татулыққа тәрбиелеу.
2015 жылы Тәуелсіз Мемлекет Достастығында 1941-1945 жылдарындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің Жылы болып жарияланды.
Қазақстан Республикасы ТМД елдерімен бірлесе отырып,Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуге дайындық жасауда.
Құжаттар қатары қабылданды: