Ана тілің - арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!

Қадыр Мырзалиевтің осы бір шумақ өлеңін білмейтін қазақ баласы болмаса керек. Мектеп қабырғасында жүріп жаттадық бұл өлеңді. Өсе келе жеке жыр жинақтарымен таныстық. Әндерін тыңдадық. Драмалық шығармаларын тамашаладық. Прозалық кесек-кесек туындыларын оқып, таңдай қақтық. Әдеби, сын мақалалары мен ой толғамдарын, афоризмдері бізге қанат бітірді. Қысқаша айтсақ, қайда барсақ та алдымыздан  шуақ шашып Қадыр ағамыздың шығармалары қарсы алатыны ақиқат.

Бір минутын да босқа жібермей, бар саналы ғұмырын қазақтың әдебиетін кемелдендіру үшін оттан да, судан да аянбады. Тер төкті. Қызмет етті. Сол үшін қанша азап та шекті, жалақорлар жала да жапты, аяғынан шалды, тікелей қарсы позиция танытты. Бірақ қорқаулардың пасықтығына пысқырмай, өз азаматтық ұстанымына берік, Алла  мен аруақ алдында, ар мен қалам алдында еңсесін тік ұстап өтті өмірден.

Артында 70-тен астам кітап, 200-ден астам ән, саналы, толық шығармашылық адамының қалай ғұмыр кешіру керектігін көрсететін, мақтана ауызға алатын арлы ақындық тағдыры қалды.

Ақын Қадыр Мырза Әліге өзі сүйіп өткен туған халқы Қазақстанның халық жазушысы деген атақ берді. Ол әлемдік поэзияға қосқан үлесі үшін Моңғолияның Халықаралық "АВЪЯС"  сыйлығы мен Тәуелсіз "Тарлан" сыйлығының лауреаты атанды. Шығармалары әлемдегі дамыған оннан астам тілге аударылып, алты құрлықты аралап кетті.

Әрбір өлеңі арқылы оқырман жүрегіне ой сала білген ақынның өлмейтін өзекті жырларын өз халқымен қайта қауыштырған "Ұлты мақтаған ұлы тұлға"  атты әдеби кеш өтті Н.В Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада.

"Жыр-Жауһар" поэзия клубының жетекшісі, жас ақын Жәлел Қуандықұлы жүргізген кешке ақын Жазушылар одағының мүшесі Сәбит Бексейіт, жазушы, журналист, Жазушылар одағының мүшесі Сүйіндік Жанысбай, жас ақындар Е.Кеңесбекұлы, Ж. Жаңқашұлы, Ж.Әлиман және аталмыш поэзия клубының жас талапкерлері мен студент жастар қатысты.

Қадыр ақынның өміршең өлеңдері жатқа оқылып, аңызға айналған әндері шырқалды.  Өмірі мен шығармашылығы қақында арнайы дайындалған бейнетаспа  көпшілік назарына ұсынылды. Қонақтар ақын шығармашылығына тоқталып, таптырмас естеліктер айтып оқырманды баурады. Астана қаласынан арнайы келген Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті, күйші  Манап Анықбеков пен Қарағанды гуманитарлық колледжінің студенті, әнші Қуаныш Советхан өз өнерлерімен "Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра!" екендігін тағы бір рет дәлелдеді. Болашақ колледжінің студенті, жас ақын Райымбек Елубай Қадыр ақынға арнап жазған өлеңін оқып жұрттың таңдайын қақтырды. Кеш барысына арнайы ұйымдастырылған "Қазақ әдебиетінің қара нары" атты кітап көрмесінде ұсынылған әдебиеттер мен мерзімді басылымдар бойынша жасалған шолу оқырманды ақынның мұрасын оқуға шақырды. Әдеттегі дәстүрлі үрдіс бойынша "Жыр-Жауһар" поэзия клубы құрамына қосылған жас таланттарды салтанатты түрде қабылдап,  жүрек тұстарына клуб төсбелгісі тағылды.

Айтулы кеш Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған, қазақ елінің екінші әнұранына айналып, 40 жылдан астам уақыт өтсе де өз құнын жоғалтпаған Е.Хасанғалиевтің "Атамекен" әнін жиылған көпшілік ел болып орындауымен өз мәресіне жетті.

Киелі кітапхана қабырғасында ұйымдастырылған ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына арналған әдеби кеш ақын шығармаларының өміршеңдігін тағы бір рет танытты.