Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы жыл сайын Қазақстан халықтарының тілдер күнін атап өтуді дәстүрге айналдырған.
Биылғы жылы Тілдер мерекесі «Мен бір жұмбақ адаммын...» атты әдеби-танымдық сайыс түрінде «Мақсұты – тіл ұстартып, өнер шашпақ» болған Ұлы Абайдың мұрасына арналып өткізілді.
Сайысқа Е.А Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің, Қарағанды Мемлекеттік Техникалық Университетінің, Қарағанды Мемлекеттік Медицина университетінің, Қарағанды «Болашақ» университетінің студенттері қатысты. Ал, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Сүйіндік Жанысбай, Н.Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының қазақ әдебиеті мен қазақ тілі пәнінің оқытушысы, белгілі ақын Қайрат Асқар осы сайысқа төрелік етті.
Сайыс «Абайды білмек парыз ойлы жасқа», «Білгенге маржан, Білмеске арзан», «Өлді деуге сия ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», «Мақсұтым – тіл ұстартып өнер шашпақ» сынды кезеңдерден тұрды. Аталмыш кезеңдерде студент жастар Абайдың өмірі мен шығармашылығы бойынша, Абай өлеңдерін жатқа айту, Ұлымызды ұлықтаған ескерткіш орындарды анықтау, данышпанның қара сөздерінің мағынасын ашу бойынша сынға түсті.
Ұлы Абайдың өлеңдерінің алғашқы шумақтары берілген билеттер бойынша өлеңдерін кідірмей жатқа ары қарай жалғастырып оқыған сайыста Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің студенті Нұртай Айсұлу мен Қарағанды Мемлекеттік Медицина университетінің студенті Слямбек Самал ерекше көзге түсті. Шара соңында аты аталған студенттер кітапхана іргесінде ашылған «Жыр-Жауһар» поэзия клубының мүшелігіне қабылданды.
Экраннан берілген ескерткіштердің қайда орналасқанын жоғарыда аталып кеткен екі университеттің студенттері Садыхова Дана мен Каринов Абылай бір-бірімен жарыса отырып шешті. Данышпан ақынның ғақлиялары бойынша бүгінгі жастардың түсінігі мол екені келесі кезеңде анықталды. Қара сөздер арқылы бүгінгі қоғамымызда кездесетін келеңсіздіктерді батыра көрсетіп, қадау-қадау ойларын ортаға салды.
Жанкүйерлер өз топтарына ұпай жинау үшін Абайдың әндерінен шашу шашып, өнерлерін ортаға салды.
Сайыс барысында «Тіл – мемлекеттіктің негізі» атты кітап көрмесіне, Абай қаласындағы «Абай Құнанбаев әдеби – мемориалдық мұражайының» сайтына шолу жасалды.
Тәттімбет атындағы өнер колледжі мен Д.Қонаев атындағы колледж студенттеріне және сайыскер топтар келіп отырған жоғары оқу орындарының студенттері арасында викториналық ойындар жүргізілді. Шара соңында жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, сайыс қатысушыларының барлығына «Абай» кітабы таратылды.