Оқушылық алтын дәуір! – деп бекер айтпаса керек. Міне, көзді ашып-жұмғанша жазғы демалыс аяқталып, жаңа оқу жылы да таяп қалды. Барлық ата-аналар мен оқушылар, ұстаздар қауымы жаңа оқу жылына қызу дайындалып жатқаны сөзсіз. Осы жерде Cіздерге біздің кітапханамыздың өте бай кітап қоры көмекке келеді.
Бізде бәрі бар: энцклопедиялық жинақтар, сөздіктер, Шың кітаптары, барлық пәндерге арналған тест жинақтары, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа байланысты кітаптар кітапханамыздың сөресінде Сіздерді күтуде. Сіздерді қызықтыратын түрлі саладағы кітаптарды тауып беріп, қажеттеріңізді өтеуге кітапхана қызметкерлері кез-келген уақытта дайын.
Ата-аналар мен ұстаздар назарына! Кітапхана қабырғасында 2006 жылдан бері жас ақындардан құралған "Жыр-Жауһар" поэзия клубы жұмыс жасайды. Балаларыңыз әдебиетке жақын болса немесе ән айтып, би билеп, музыка аспаптарында ойнаса, әдеби туындыны шебер мәнерлеп жатқа оқыса - "Жыр-Жауһар" поэзия клубы Сіздер үшін! Клубтың мүшелері биік-биік белестерді бағындырып, табысқа жетіп жатқаны дүйім жұртқа мәлім.
Сондай-ақ республикаға белгілі ақын-жазушылармен, ғалымдармен, өнер тарландарымен, елімізге еңбегі сіңген қайраткерлермен болатын кездесулерге қатысып, олардың өмірі мен шығармашылығы жайлы көптеген мәліметтерге қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Өнерлі бүлдіршінге қайда да жол ашық. Мың рет естігеннен бір рет көрген артық.
Қыркүйек айында өтетін клубтың кезекті отырысы "Бір ел – бір кітап" акциясы аясында таңдалған қазақ қара сөзінің хас шебері Сайын Мұратбековтің асыл кітаптарына арналады.
Келіңіздер, рухани ләззат алыңыздар!
Біз сіздерді күтеміз..