12 қыркүйек күні Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай "Ана тілім – ажарым, асыл мұрам" атты сайыс өткізілді.
Тіл – біздің өміріміздің өзегі, қоғамымыздың айнасы. Тіл халықпен бірге өмір сүріп дамиды, себебі әр ұлттың тілі – оның бақыты, тірегі.
Кітапханада тіл мерекесін атап өту жыл сайынғы дәстүрге айналған. Биылғы жылы оқырмандар арасында мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін арттыру, жас ұрпаққа ана тіліміздің қадір-қасиетін дарыту мақсатымен "Ана тілім – ажарым, асыл мұрам" атты сайыс өткізілді. Студенттер арасында өткен шараның бұл түрі тез ойланып, жауаптарын тиянақты, жүйелі айтуға, топ алдында еркін сөйлеуге баулу; мақал-мәтелдермен таныстырып, мағыналарын аша білуге үйретеді.
Сайыстың қызықты да пайымды өтуіне үлес қосқан Маңызды білім беретін "Болашақ" колледжінің, Гуманитарлық колледждің, Гуманитарлық-техникалық колледждің студенттері.
Бірнеше кезеңнен тұрған сайыста қаламыздың жастары тіл тарихы, шешендік өнер, мақал-мәтелдер бойынша білімдерін көрсетіп, қазақ тілінің болашағы жайлы пікір таластырды. Өнерлі жастар сондай-ақ өз қаламдарынан шыққан тіл туралы өлеңдерінен де шашу шашып, әнмен кешті әрлендіре түсті.
"Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл" деп аталатын тағылым мен білімге толы кітап көрмесі оқырмандарды тіл әлеміне саяхат жасатты.
Сайыс соңында жеңімпаздар анықталып, Қарағанды маңызды білім беретін "Болашақ" колледжінің студенттері 1-орынды, Гуманитарлық колледждің студенттері 2-орынды, ал Гуманитарлық-техникалық колледждің студенттері 3-орынды иеленіп, сый-сияпатқа ие болды.
Тәуелсіздік туын желбіретуге бірден-бір себепкер болып жүрген жас өрендеріміз, алдағы күнге алаңсыз аттаудың бір шарты – қазақ тілінде екендігін жадыларына сақтап, сайыстың ұйымдастырушыларына өз алғыстарын білдіріп, суретке түсіп жатты.