2012 жылдың 26 қыркүйек күні Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының іргесінде құрылған "Жыр-жауһар" поэзия клубы жазушы, көрнекті қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 80 жылдығы мен арлы ақын, ұлт жанашыры Мұхтар Шахановтың 70 жылдығына арналған "Суреткердің сыршыл әлемі" атты кезекті отырысын өткізді.
Өндірістің дамуы жөнінде, адам мен қоршаған ортаға қамқорлық туралы маңызды мәселелер көтерген, ғылыми-техникалық төңкеріс жайын сипаттаған "Қара маржан" (1976; ҚР Мемлекет сыйлығы, 1978) романы, мемлекет қайраткері Т.Рысқұловтың өміріне арналған ("Қызыл жебе", 1, 2-кіт. 1980; "Жұлдыз көпір", 3 кіт., 1984) роман-трилогиясы басылған болатын. Драматургия саласында жазушының "Қызыл жебе" (1987, Қ.Ысқақовпен бірге), "Сталинге хат" (1988), сондай-ақ "Бесеудің хаты" (1989) атты пьесалары қойылғаны барша Алаш жұртына мәшһүр. Ол Г.Х. Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың "Ботагөз", "Қош бол, Гүлсары", "Теңіз жағалап жүгірген тарғыл төбет" повестерін, "Боранды бекет", "Жанпида" романдарын қазақ тіліне аударды.
Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер...
Желтоқсанда ызғырықтан тiтiркенiп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер – деп жырлаған Мұхаң аңызға айналғалы қашан. Сол желтоқсан ызғарына төтеп беріп, қазақтың намысына қалқан бола білген Азамат. "Танакөз" поэмасының өзі қазақ әдебиетінің жауһар жырына айналып, өз бағасын алып келеді. Кезінде Джон ЭШБЕРИ "Құдайым әр ақынға өз ұлтына осы Мұхтар Шахановтай еңбек етудi жазсын" деген екен. "Ғашықтар ғаламатын" оқымаған қазақ кемде-кем. "Елу бір жыл ғашық болдым Қорланға, Елу бір жыл өмір сүрдім ендеше" - деген жолдар жүректің қылың шертіп, махаббатсыз қалған ғұмыр маһрұм екендігіне көзіміз жеткен-ді. Мұхаң бір кездесуде Евтушенкоға оқып бергенде Евгений: "бұл екі ғашықтың ғана емес, күллі қазақ халқының ұлттық болмысы" деп өлеңді аспандатқан деседі. Екі бірдей алып тұлғамыздың аңызға бергісіз өнер жолдары һәм өмір жолы. Халықтың қос жанашырының кітапхана қорындағы әдебиеттері мен мерзімді баспасөз беттеріне шыққан мақалаларынан ұйымдастырылған көрмеге клуб мүшелері мен отырыс қонақтары қызығушылықпен қарап, артынша сол кітаптарды жазып алып жатты. Отырыс барысында "Жыр – Жауһар" поэзия клубының мүшелері алдағы 2013 жылда атқарылатын бірқатар іс-шаралар: мерекелік әдеби кеш, дөңгелек үстел және жергілікті ақын-жазушылардың қатысуымен өтетін кездесулерді талқылады. Қазақ жырын сүйіп оқып, жүректен шыққан жырларын халыққа, бізге ұсынған жас дарындарды биылғы газет беттеріне "Тұмар", "Таң-шолпан", журналдарына өлеңдері шыққан Ерболат Қуатбеков, Еділхан Өміртай, сонымен қатар Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы сыйлықтың лауреаты, Қарағанды облыс әкімі сыйлығының лауреаты Дулат Аманжол, "Қасым" журналының хатшысы Алмаз Мырзахметті абонемент бөлімінің меңгерушісі Ибраева Гүлмира Амангелдіқызы жетістіктерімен құттықтап, сый-сыяпатқа көмкерді. Жас ақындар қос ағалары секілді халықтың елеулі тұлғалары атанып, тарих беттерінен өз орындарын ойып тұрып алады деген сенімде қалдық.