- Астана...
- Бүгінде әлем халқы назарын тіккен қазақ халқының Ел Ордасы.
- Сағат сайын құлашын кең жайып, ажарлана түскен, күнмен таласып, көкжиекпен астасқан, сұлу да айбарлы шаһар.
- Талайларды арман қанатына отырғызып биіктерге самғатқан арман қала.
- Тағдыры талай талқыға түскен, 130 ұлт пен ұлыстың басын бір шаңырақ астында жинаған Қазақстан халқының үкіленген үміті, болашаққа деген сенімі
- Ғажайып ертегіні шындыққа айналдырып, Сарыарқа төсінен сарай салдыртқан елбасының ерен еңбегі.
- Жаңару мен жасампаздықтың, келісім мен тұрақтылықтың, әсемдік пен көркемдіктің жаршысы.
Қазақ халқының өткені мен бүгінгісін, тарихы мен мәдениетін, саясаты мен экономикасын, жалпы Қазақ елінің Елбасымен бірге Мәңгілік ел болу жолындағы асқан белестері мен алған асуларын паш ететін "Қазақстан. Елбасы. Астана" кітап көрмесі Астана күні мен Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың туған күніне орай ұйымдастырылды. Мазмұны жағынан әр саланы қамтыған кітаптар: тарихи деректемелік туындылар, көркем шығармалар, фотошежірелер – барлығы да сайып келгенде Астананың ежелгі тарихы мен Тәуелсіз Қазақстан тарихымен біте қайнасқан Елорданың қалыптасуы, дамуы жайлы баяндайды. Айшықты өрнектерімен айрықша көркем ғимараттардың құрылысы, маңызы туралы деректер Елорда келбеті туралы сыр шертеді.
Астана қаласының Сарыарқа төсінде пайда болуы, жалпы, Қазақ елінің тәуелсіз даму тарихы оның негізін қалаушы әрі Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімімен тікелей байланысты. Кітап көрмесінде топтастырылған Елбасының балалық шағынан ұлт көшбасшысына дейінгі өмір жолын баяндайтын тарихи – ғұмырнамалық зерттеулерден, ең алғашқы еңбектерінен қазіргі уақытқа дейінгі аралықтағы еңбектерінен елімізді ұлы көшке бастап шыққан ұлт көшбасшысының адами тұлғасына, даналығына, іскерлігіне тәнті еткізетін мәліметтерге қанық боласыздар. Еңбек адамынан ірі саясаткерге айналған Елбасының өмір жолы барлық қазақстандықтар үшін үлгі, өнеге.
Мәңгілік ел жолына түскен қазақстандықтар ел тарихын, жер тарихын, өз тарихын білуге міндетті.