Қоғамдағы өзгерістерге қарамастан дәстүр жалғастығын сақтай отырып, білім ордасы мен мәдени ошақ негізінде оқырмандарын қуана қарсы алатын негізгі орын – Кітапхана.

Міне, 11 қазан күні де өз дәстүрінен ауытқымай «Кітапхана – көпшілік үшін ашық» деген ұранмен облыстық Н.В. Гоголь атындағы кітапхана Ашық есік күнін өткізді.

Әрбір келушіге мерекелік көңіл-күй сыйлау кітапхана алаңында шырқалған музыкадан басталып, кітапхана ішінде игі шаралармен кешке дейін жалғасты.

Күні бойына фойеде телеэкраннан кітапхана жайлы, оның тарихы мен жетістіктері туралы бейнефильм көрсетілді. Сондай-ақ келушілердің назарына «Туған жерім Сарыарқа», «Жаңа кітаптар», «Көркем сөздің құлагері», «Оқу қызық!», «Мерзімді басылымдарды бірге оқимыз» атты тақырыптық көрмелері мен ағылшын, неміс, француз тілдеріндегі аудио бейнефильмдері ұсынылды.

Биылғы жылғы Ашық есік күнінің ерекшелігі – алғаш рет «Буккроссинг Қарағандыда» Акциясы ұйымдастырылып тұсаукесері өтті. Акцияның мақсаты – «Оқыдың ба – басқаға бер». Бұл акцияға кітапханаға келген әрбір адам қатысып, өзіне ұнаған кітапты алып оқып, оны басқаға беруіне болады. Қаламыздың оқу орындарының жастары акцияға үлкен қызығушылық танытып, кітаптарды алып жатты.
Сондай-ақ осы күні кітапханаға келушілерге құнды басылымдарды көріп, танысу мүмкіндігі туды. Ұйымдастырылған бірегей сирек кітаптар көрмесінде француз жазушысы Ле Сажаның 1768 жылғы жарық көрген «Похождения Жилблаза» атты басылымының 2 томы, сирек басылымдар мен кішкентай - миниатюра кітап топтамалары қойылды.

Қай кітапхананың болмасын бірден-бір мақсаты – қордағы әдебиеттерді сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу болып табылады. Алғаш рет өткізілген «Үй кітапханасындағы шағын жөндеу» жұмысына арналған шеберлік мектебінде осы күні барлық тілек білдіргендерге кітапты қалай түптеп, қалпына келтіру туралы түсіндіріп көрсетілді.

Жастардың қаламдарын ұштауға, шығармашылық жолдарын бастап, әдебиет қауымдастығына енуге үлкен қолдау көрсетіп, көмек жасайтын «Жыр-Жауһар» поэзия клубы осы күні 60-қа тарта мүшені өз қатарына қабылдады. Келгендерден қонақ кәде сұрағанда қаламыздың жастары белсенділік танытып, өз өнерлерін ортаға салды.

Осы күні зияткерлік-танымдық «Ойлан тап», «Қызықтар әлемінде», «Тwister», «Сиқырлы қорап» «Сен мерзімді басылымдарды білесің бе?», «Компьютерлік сауаттылық және Интернет» сынды ойын, сайыстар өткізілді. Белсенді қатысушылар сыйлықтармен қоса Интернетті тегін пайдалану және досын кітапханаға тегін жаздыру Сертификаттарына ие болды.

Бұл күні 795 адам оқырман билетін алып, кітапхана оқырманы санатына қосылды.