...Біз Тәуелсіздігіміздің рәміздерін көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туы, Елтаңбасы, Әнұранын, ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар біздің ең киелі құндылықтарымыз.
Н. Ә. Назарбаев
Тәуелсіздік алған қазақ елінің көк байрағы аспанымызда желбірегеніне де 20 жылдан асты. Еліміз еңсесін көтеріп, әлем елдерімен терезесін теңестірді. Әнұранымыз әлемдік спорт додаларында әуеде қалықтап, көк туымыз биікке көтерілді, "Қазақстан" аты дүниенің төрт бұрышына танылды.
1992 жылы Президент Н. Ә. Назарбаев "ҚР Мемлекеттік туы туралы", "ҚР Мемлекеттік елтаңбасы туралы", "ҚР Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы" тарихи заңдарға қол қойды. Сегіз жылдан кейін 2000 жылдың 9 мамырында Әнұранды өзгерту қажеттігін айтты. 2006 жылдың қаңтар айында "Менің Қазақстаным" Әнұран ретінде ресми бекітілді. 2007 жылы 4 маусымдағы Елбасының Жарлығы бойынша "4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні" болып белгіленді.
Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің қасиетті нышандарын қадірлеу – Қазақстанды Отаным дейтін, өз тағдырын және ұрпақтарының келешегін қазақ жерімен байланыстыратын барша қазақстандықтардың Отан алдындағы қасиетті борыштарының бірі.
Осынау айтулы күнге Н. В. Гоголь атындағы ОӘҒК-сында "Мемлекеттік рәміздер – елдіктің белгісі" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің қалыптасу тарихы туралы зерттеулер мен мемлекеттік рәміздердің саяси мәртебесі туралы, мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен пайдалану тәртібі туралы Заңның ресми мәтіні қамтылған көрмеден Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш рәміздерін жасау кезінде ұсынылған басқа да жобалардың эскиздері мен рәміздердің тарихи негіздері және авторлары туралы құнды да маңызды деректерге қанық боласыздар.
Біз баршаңызды елдікке шақыратын, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін, жүректегі патриоттық сезімді оятатын, Отанды, жерді сүюге жетелейтін, ерлік дәстүрлер мен сабақтастық рухында тәрбиелеуге жұмылдыратын айшықты белгілердің мән–мағынасын зерделеуге шақырамыз.