Облыстық кітапханада 1 маусым Халықаралық балалар қорғау күніне орайластырылған жыл сайын өтетін балалар сурет сайысы өз мәресіне жетті. Биылғы сайыс "Астана түрік халықтарының мәдени астанасы" жобасы аясында "Астана балалар көзімен" тақырыбына негізделді. "Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек" (Шәкәрім) демекші, қатысушылар саны 150-ге жетіп жығылды. Кітап патшалығында жас бүлдіршіндердің қыл қаламынан төгілген бояулар аңқып тұрды. Самұрықтың бәйтерек ұясына салған жұмыртқасы һәм қала көрінісіндегі әже мен немере т.б. суреттерді шырамыттық. Жалпы, оқушылардың идеалы – Бәйтерек. Кітапхана директоры Дина Базарбайқызы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәт сапар тіледі.
ҚР Суретшілер одағының мүшесі Полина Карпунина бастаған төрешілер сайыстың жеңімпаздарын анықтады. Сонымен, бас жүлде екеу – "Қаланың бояу әуендері" суретімен Акользина Полина иеленсе, "Қазақтың қонақжайлығы" суретін салған Ситникова Екатеринаның қанжығасында кетті. Одан әрі,
1 орыннан Түсіпова Рамина ("Астанадағы демалыс"), Штейгер Денис ("Астанаға саяхат"), Пинчук Наталья ("Биші") табылса,
2 орынды Қазкенова Наргиз, Акишева Ләйлә ("Қысқы саябақ"), Деревянко София ("Астанадағы шеру"), Кирсанова Алена ("Астанаға күз келді") бөлісті.
3 орынды Токарева Вероника ("Қарағанды көпірі"), Гогичашвили Маргарита ("Махаббаттың жолымен"), Әбдіназар Алмат ("Астана") алса, ең жас қатысушымыз (4 жаста) Котов Кирилл ("Астанада көлік көп-ақ") иін тіресіп жүлдегерлер қатарынан табылды.
Сайыстың барлық қатысушылары алғыс хаттар мен сыйлықтар алып, марқайып қалды. Ендеше, Қастеевтің туындыларынан дархан даланың иісі аңқып тұрса, да Винчидің Джокандасының жұмбағы жер жаратын Сурет деген Ұлы өнердің алғашқы жасыл желегін басқан оқушыларға сәт сапар тілейміз. Қазақтың маңдайына біткен ұлы суретшісі Әбілхан "Құдай бақты барлық адамға бірдей береді. Оны ұстай алу - өзіңнің құзырындағы іс. Ұшырып алсаң - өзіңнен басқа ешкім кінәлі емес" деген екен. Осы қанатты сөз біздің тілегімізге саяды. Балаларды қорғау – болашаққа бұзылмас қамал салғанмен пара-пар. Сәбиді маңдайынан иіскеп, "алты жасар бала алыстан келгенде, Алпыстағы ақсақал сәлем берер" дейтін қазақпыз.