Осыдан 25 жыл бұрын 1989 жылдың 25 ақпанында халықаралық ядролық қаруға қарсы "Невада-Семей" қозғалысы басталғаны баршамызға мәлім. Осы қозғалыстың жетекшісі, ақын, мемлекет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов атом ордасы жөніндегі қасіретті шындықты Қазақстан халқына ашық мәлімдеп, Семей таратқан ядролық сынақ полигонын жабу мақсатында халықты қозғалысқа бірлесуге шақырды. Олжас Сүлейменов басшылық еткен қозғалыс 40 жыл бойы қасірет әкелген Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына ғана емес, сонымен қоса бүкіл әлем бойынша ядролық полигондардың жабылуына елеулі үлес қосты.

Бірінші күндерден бастап екі миллионнан астам қазақстандықтың басын қосқан қозғалыс - Қазақстан, Ресей, Америка Құрама Штаттары мен Жапон мемлекеттерінің демонстрациялары мен митингтерінде көрініс тапты.

Биыл Невада-Семей қозғалысына - 25 жыл толып отыр. Осыған орай,еліміздің ядролық қарусыз мемлекет ретіндегі мәртебесін насихаттап, қоғам назарын экологиялық және радиациялық қауіпсіздік мәселелеріне аударту мақсатында Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 2014 жылдың 21 ақпанында "Қазақстанның ядролық қасіреті" атты дөңгелек үстел өтті.

Аталмыш шараға экологиялық мұражайдың директоры – Д.Е. Калмыков, "Атом" жобасының құрметті елшісі – Қ.Т. Күйіков, Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз хатшысы – А.Ж. Жанғожин, Қазақстан Республикасының Журналистер Одағының мүшесі, жазушы, публицист, тарихшы, "Безядерный Казахстан - дорога к миру!" атты кітабының авторы Р.Н. Бикбатыров шақырылды. Шара барысында Семей сынақ полигонының тарихы жайлы естеліктер, отандастарымызға әкелген зардаптары мен Семей полигоны орналасқан жердің қазіргі жағдайы туралы пікірлер ортаға салынды. Шараға қатысқан Қарағанды гуманитарлық колледжінің және Орталық Қазақстан академиясының "Лингва" ғылыми-білім орталығының студенттері экологиялық проблемаларға өте үлкен назар аударып, оларды шешу жолдарын іздеуге өз үлестерін қосуға даяр екендіктерін көрсете алды. Сонымен қатар, Қаріпбек ағамыз өзінің таңғажайып туындыларымен көрермендерді таң қалдырып, "Атом" жобасымен тыңдаушыларымызды таныстырды.

Экологиялық мұражайдан алынған экспонаттар "Қазақстанның ядролық қасіреті" атты кітап көрмесінде өз орнын тауып, оқырмандардың арасында үлкен сұранысқа ие болды.