Қадім замандардан бері киелі кітапхана ордасы – адамзат өркениетін қалыптастырып, оны дамытудағы алтын діңгегі іспеттес. Бұлай деуіміздің себебі - әлемдік мәдениет пен әдебиет, ғылымның қай саласы болмасын адамзат игілігі үшін қызмет ететіні ақиқат. Ал, сол ғылымның негізгі қозғаушы күшін біз кітаптан табатындығымыз тағы шындық.

Осы бағытта Н.В.Гоголь атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада жұмыс жасайтын "Жыр-Жауһар" поэзия клубының ұйымдастыруымен "Жаңа ғасыр жырлайды" атты Республикалық жас ақындар антологиясы мен Қарағанды облысы жас ақындарының "Сарыарқа сазы" атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі болып өтті.

Бұл тұсаукесер кеші басқа әдеби іс-шаралардан өзгеше өтті. Тарқата айтсақ...

Аталмыш әдеби сазды кешті Қарағанды Гуманитарлық колледжінің студенттері,

"Жыр-Жауһар" поэзия клубының белді мүшелері Хұмарбек Ербұлан мен Ақмаржан Жорабаева тізгінге алды.

Кеш қазақ поэзиясының падишасы  -  Ф.Оңғарсынованың рухына тағзым етумен басталды. Қазақтың аймаңдай ақындары Халықаралық "Алаш" сыйлығының иегерлері Серік Ақсұңқарұлы мен Абзал Бөкен ағаларымыз қос жыр жинағының тұсауын кесіп, жас ақындарға ақ жол тілеп, "осы жыр жинақтарға енген жас ақындар қазақ поэзиясында құбылыс жасайтын ақындар" - деп кесіп айтты.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі айтыскер ақын Қойлыбай Асанов ағамыз да жас ақындарға ақ жол тілеп, батасын берді.

Осы қос жыр жинағының шығуына үлкен еңбегі сіңген "Қасым" журналының Бас редакторы, белгілі ақын Серік Сағынтай жыр жинақтарын шығару барысындағы атқарылған істерге тоқталып өтті.

Арқаның айтулы ақындары Қайрат Асқар, Сәттібай Жүніс, жақында ғана жыр жинағы шыққан Салтанат Смағұловалар да өз құттықтауларын жеткізіп, жырдан шашу шашып, төл жыр жинақтарын кітапханаға тарту етті. Осы орайда қос жыр кітабына енген талантты жас ақындармен жүздесетін сәт те келіп жетті.

Жәнібек Әлиман мен Айзада Рақымжанова оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, мөлдір жырларын тебірене оқып, ыстық ықыласқа бөленді.

Еркебұлан Елеусізұлы "Ф.Оңғарсынованың қазасы", Салтанат Қайырбек "Жолақының 80-теңге болуы", Қуаныш Медеубаев "Оралмандар тағдыры", Жадыра Байбұланова "Қаламақы мәселесі"  атты тақырыптарға аздаған уақыт ішінде бір өлеңнен жазып, киелі өлеңнің өресі биік өрендері екендіктерін дәлелдеді.

Ерболат Қуатбек, Кәмшат Хасен,  Мирас Асан, Назерке Түсіпбековалар табиғаты жағынан бір-біріне үйлесімді жырларын образды түрде сахналап көрерменді баурап алды.

Қазақтың белгілі ақыны, композитор Ерқанат Кеңесбеков К.Мырзабеков пен  Әділ Ботпановтың сөзіне жазылған жаңа әндерін орындап, жырдан шашу шашты.

Жас ақын,  "Жыр-Жауһар"поэзия клубының жетекшісі Жәлел Шалқар жаңа жырларын оқып, клубтың жаңа мүшелерін елге таныстырды.

 Клубтың алғашқы белді мүшелері жас ақындардың кеудесіне жауһар жыр жазсын деген ниетпен  "Жыр-Жауһар"поэзия клубының арнайы төсбелгісін қадап, қазақтың адуынды ақыны Серік Ақсұңқарұлы ағамыздың "Төбемнен жауһар жауып тұр" атты жыр кітабына қоса "Қасым" журналының кейінгі санын тарту етті.

Кеш барысында  "Жыр-Жауһар"поэзия клубының бүгінгі күнгі белді мүшелері Аян Мейраш, Өзгеріс Қуанар, Арман Жазыбаев, Сәбитова Элмиралар жалынды жырларын оқып, Тәттімбет өнер колледжінің студенттері Айбек Рымғали, Берікбол Ахметовтер А.Сейдімбектің,С.Сейфуллиннің, Дәулет Ырысбайұлының  әндерін мақамына келтіре орындады.

Кеш соңында кітапхана директоры  Дина Базарбайқызы  Қарағандының жас ақындарын құттықтап, келген қонақтарға шексіз алғысын айтып, естелікке "Сарыарқа сазы" жыр жинағын табыстады.

Осылайша "Қазақ поэзиясында құбылыс жыр туғызатын" Қарағанды жас ақындарының өлеңдері енген екі бірдей жыр кітабының тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартты. Ақ жол...

Аталмыш әдеби-сазды кеш көпшілік көңілінде өшпестей әсер қалдырып, жұрт көңілденген күйі қимай қоштасты.

Жәлел Шалқар


Бейнетаспаны қарау: