2022 жылғы 18 қазандағы ҚР Үкіметінің №833 қаулысымен «24 қазан – Кітапханашылар күні» мерекесі болып бекітілді. Мерекенің басты мақсаты – кітапханашы мамандығының имиджін көтеру және оны кәсіби аренада ынталандыру болып табылады. Бұл тек кәсіби кітапханашылардың ғана емес, ең алдымен кітаптарды жақсы көретін, кітапханашының мәдени және қоғамдық өміріндегі орасан зор рөлін түсінетін адамдардың мерекесі.

Кітапханалар – ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Олар оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда.

Алғаш рет аталып отырған кітапханашылардың кәсіби мерекесіне орай 2022 жылдың 21 қазанында Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының базасында «Кітапханашы – мәртебелі мамандық» атты мерекелік шара өтті.

Шара барысында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов кітапханашылар қауымдастығын құттықтап, облыс кітапханаларының мәдениет пен әдебиетке қосып келе жатқан зор үлестерімен қатар, білім шырақшылары ретіндегі еңбектерін атап өтті.  

Мереке қарсаңында кітапхана ісінің дамуына қосқан зор үлесі мен Қарағанды облысының ақпараттық-мәдени ортасын қалыптастырудағы жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін облыс кітапханашылары Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мерекелік шараға арнайы шақырылған кітапхана саласының ардагерлері осы мерекені көптеген жылдар аңсағандарын тілге тиек етті.

Кітапханалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын мекемелер мен кітапхана достары, атап айтсақ, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы Серік Сағынтай, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағамбетов, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің басшысы Бибігүл Құдабаева, «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығының ақындары және жас оқырмандар осы қуанышты күнді бірге бөлісті.

Жиналғандар назарына облыс кітапханалары мен кітапханашыларының еңбектерін айқындайтын “Өз мамандығымды мақтан етемін” атты көрме ұйымдастырылды.

Шараны ұйымдастырған – Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Ж. Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы, Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы, облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханасы.