Биыл ХХ ғасырдың спорт өнеріндегі алып тұлға, Халықаралық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Ұлы даланың күш атасы, біртуар қазақ Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл. Осыған орай кітапханамызда «Ұлттың адал ұлы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Балуан Оңтүстікте туғанымен, 2 жасынан ата-анасымен Ақмола уезі Қараөткел маңында тұрған. Күреске деген құштарлық, күрес өнерін игеру үшін жат өлке Санкт-Петербургке аттанып, күрес үйрететін мектепке түсіп, күрестің әдіс-тәсілдерін үйренеді.

 Қажымұқан балуан жайлы алғаш жазған адам – Қалмақан Әбдіқадыров болған. Балуан Алматыға келгенде осы үйге түскен. Бірде : «Жалшыдан шығып, жер жүзіне палуандықпен атын жайған қазақта менен басқа кімің бар? Сәбит бар, Ғабит бар, ақын Иса бар, сен бар, басқаң бар – мен туралы жазған кітаптарың қайда?» - деп сұрапты. «Мені әсірелеймін деп әуреленбе, тек Тәңірімнің берген бейнесін ғана жаз», - деген екен. Жазушы мен балуан арасындағы ұзақ жылдық сырластық «Қажымұқан» повесінің жарық көруіне бастау болған.

«Спорт саңлақтары» сериясымен шыққан «Қазақ балуандары» тарихи-деректі басылымның бірініші томы Әлімқұл Бүркітбаевтың «Қажымұқан» атты еңбегімен басталып, халқымызға танымал басқа да алыптар жайлы баяндалады.

Батырдың өмірін тынбай зерттеуші, профессор Мұратхан Тәнекеевтің «Қажымұқан» атты еңбегі күш атасының мерейтойына арналып, оның өміріндегі тың мағлұматтарды оқырманға ұсынған. Соғыс кезінде өз қаржысына жасатқан ұшақ тарихы өте тамаша баяндалған. Қазір сол ұшақ Балтық бойындағы әскери мұражайда тұрса, кіші макеті Темірландағы балуан мұражайында тұр.

«Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Әділғазы Қайырбековтың эссе, әдеби сын-зерттеу, ой-толғамдары «Саға» кітабына топтасқан. Кітапта «Палуандар патшасы» атты Қажымұқан балуан жайлы жазбасы бар.

Ұлтымыздың рухын әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен күрес өнеріне қатысты барлық деректер жинақталған құнды еңбектің бірі – 2001 жылы «Ордабасы» баспасынан шыққан «Қажымұқан қағанаты» кітабы.

Сонымен қатар кітапханамыздың қорынан балуан жайлы жазылған түрлі газеттердегі мақалалар мен 2010 жылы шыққан «Аңыз адам» журналын таба аласыздар.

Оқырмандарымызды Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен күрес өнері жайлы  құнды еңбектермен танысуға шақырамыз.

 

Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторы: Ахмадиева А.С

Ай кітабы