Алмас Қажыбайұлы Темірбай 1979 жылы 22 қаңтарда Көкшетау облысы, Көкшетау ауданы, Ортақ ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетінде және Көкшетау мемлекеттік университетінің саясаттану факультетінде білім алған.

Топтама өлеңдері «Қазақстан жас ақындар антологиясы», «Қос ішек», «Зеренді көктемі», «Жас толқын», «Сыр-сандықты ашып қара» және т.б. ұжымдық жыр жинақтарда жарық көрген. «Аллажар», «Жұмақ жұрт», «Автопортрет», «Мың бір мұң» атты жыр-кітаптары жарыққа шыққан. Р.Тагор, Ж.Руми, С.Есенин, Б.Қанапияновтың өлеңдерін және қырғыз ақыны Н.Қалыбековтың бірқатар өлеңдерін қазақ тіліне аударған.

Р.Тагор, Ж.Руми, С.Есенин, Б.Қанапияновтың өлеңдерін және қырғыз ақыны Н.Калыбековтің өлеңдерін қазақ тіліне аударған.

Отызға жуық облыстық, республикалық жыр-мүшәйраларының жеңімпазы, жүлдегері. «Мүшәйра мұраты – мәдениет мәйегі» атты облыстық ақындар мүшәйрасында (2000) 2-орынды, К.Қасымұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Хан Кенеге бас ию» атты облыстық кәсіби ақындар мүшәйрасында (2002) 1-орынды М.Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Ақ алмас жырдың алыбы» атты облыстық кәсіби ақындар мүшәйрасында (2000) 1-орынды жеңіп алған. Жас ақындардың «Поэзия көктемі» 5 жыр мүшәйрасының жеңімпазы, «Жұлдыз» журналы ұйымдастырған А.Ыбыраев атындағы республикалық жыр мүшәйрасында жүлделі 2-орынды иеленген. Мәлік Ғабдуллин атындағы «Азаматтығы мен патриотизмі үшін» сыйлығының лауреаты. Халықаралық “Шабыт”халықаралық жастар шығармашылығы фестивалінде (2001) I орынды иеленген, 2002 жылы осы фестивальдің Гран-при жүлдесін жеңіп алып, лауреат атанған. Халықаралық «Түрік поэзиясы» фестивалінің лауреаты. Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты. Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі.

Бұрынғы облыстық, қазіргі қалалық «Көкшетау» газетінде әдеби қызметкер, облыстық «Арқа ажары» газетінде мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі, республикалық «Алаш үні» газетінде бас редактор болып қызмет атқарған.

2008 жылы белгілі әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахатұлы А.Темірбай шығармашылығы туралы «Алаштың Алмас ақыны» атты монография жазған.

Өлең өлкесінде өзіндік үнімен танылған талантты ақын:

Мен құдайға жақындап ем бір адым,

Құдай маған құшақ жая жүгірді... деп, немесе

Тас керең қоғам түсінсін қайдан сырымды,

Тас бауыр тірлік. Тас жүрек тағдыр. Тас – бәрі...

деп күрсінеді.

Сөзді ойната білуі де ерекшелегінің бірі.

«Тәуелсіздікке түкірдім» өлеңінің бір тармағынан оның қоғамға өкпелі ақын екенін аңғарасақ, өлеңнің жалғасын оқи келе олай еместігіне көз жүгіртеміз:

Тәуелсіздікке түкірдім,

Түфә – түфә көз тимесе екен!.

 Шығармалары:

  • 1) Темірбаев А. Көк бөрінің болмысы: өлең / А.Темірбаев // Жұлдыз. – 2001. - №12. – 8 б.
  • 2) Темірбаев А. Көкпаршы-уақыт көксерке жылды сүйрелеп: поэзия / А.Темірбаев // Жұлдыз. – 2002. - №11. – 130-134 б.
  • 3) Темірбаев А. Жарылқа жаңа айым: өлеңдер / А.Темірбаев // Қазақ әдебиеті. – 2002. – 5 қаңтар (№1). – 8 б.
  • 4) Темірбаев А. Гегемония: өлеңдер / А.Темірбаев // Қазақ әдебиеті. – 2005. – 18 наурыз. – 9 б.
  • 5) Темірбаев А. Әдемі едің әйеліндей перінің: поэзия / А.Темірбаев // Жалын. – 2005. - №11. – 15-16 б.
  • 6) Темірбаев А. Күдер үздім күйкентай мен лашыннан: поэзия / А.Темірбаев // Жұлдыз. – 2005. - №. 115—117 б.
  • 7) Темірбай, А. Мың бір мұң [Мәтін] : өлеңдер мен балладалар / А. Темірбай. - Алматы : Жалын, 2008. - 64 б. - (Жас толқын). -
  • 8) Темірбай, А. Ұнатты сені ұлы ақын [Мәтін] / А. Темірбай // Жұлдыз. - 2007. - №5. - 9-13  б.
  • 9) А.Темірбай. Өлең. Махаббат поэзиясы.  

Мақалалары:

  1. Темірбай, А. Жақып Ақбаевтың дипломы табылды. Ол бізге тұп-тура бір ғасырдан соң жетіп отыр [Мәтін] / А.Темірбай // Егемен Қазақстан. - 2003. - 16 желтоқсан. - 6  б.

Ол туралы:

  • 1) Темірбаев Алмас // Қазақстан жазушылары: XX ғасыр. Анықтамалық. – Алматы: Ана тілі, 2004. - 301 б.
  • 2) Темірбаев Алмас // Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық / бас сарапшы Б.Әбдіғалиев. – Алматы, 2005. – 499-500 б.
  • 3) Медетбек, Т. Алтынкөпірліктер [Мәтін] : (Қазіргі жастар поэзиясы хақында) / Т. Медетбек // Жұлдыз. - 2008. - №1. - 143-165 б ; №2. - 126-140 б.