Осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын Көк Орда билеушісі Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханға бағынудан бас тартып, Шу өзенінің бойындағы Қозыбасы атты қоныста дербес хандықтың туын көтерді. Еркіндік аңсаған елін азаттық ұранымен жігерлендірген батыр бабаларымыз Керей мен Жәнібек жаңа бір ұлыстың дербестігін жариялап, жаңғырған қазақ этносының атауын алған тарихта тұңғыш тәуелсіз Қазақ хандығын құрды. Атақты тарих­шы Мұхамед-Хайдар Дулатидің қал­дыр­ған нақты деректеріне сүйене отырып, тарихшы-ғалымдарымыз Қазақ хан­дығының құрылған кезі 1465 жылы болғанын белгіледі.

Алғашқыда Керей мен Жәнібек сұл­тандардың соңына еріп, қазақ болып бөлінген халықтың саны екі жүз мың адам екен. Сол заман үшін бұл санның да көп халық болғанымен, байтақ ұлысты жайлаған қазақтардың қандастары бұдан сан есе артық болатын. Шу бойына ту тіккен жаңа хандық біраз орныққаннан соң бүкіл Көк Орда жерін түгел қайтару жолындағы жорық­тарын бастады.

Сонымен 1465 жылы атамекенімізде тұңғыш рет Қазақ хандығы атты тәуелсіз мемлекет дүниеге келіп, бүгінгі біртұтас қазақ халқының негізі қаланды. Қазақ ордасы құрылғанда алдымен жасы үлкен Керей сұлтан ақ киізбен хан көтеріліпті. Одан кейін Жәнібек хан билік құрды. Тарих сахнасына шыққан біртұтас Қазақ мемлекетінің ұлттық ұраны – «Алаш», мемлекеттік Елтаңбасы – «Төре таңба», яғни көне түрік заманынан келе жатқан бас таңба. Бас байрағы – төре таңбалы қызыл ту, Астанасы – қасиетті Түркі­стан қаласы болды.

Қазақ хандығының төрт ғасырға созылған шерлі шежіресінде жиырмадан астам хан билік құрған екен. Ел билігін қолға ұстаған бұл тарихи тұлғалардың талайым тағдырлары да сан қилы, билік құрудағы қабілеттері де әр деңгейде болды. Мемлекет іргесін нығайтып, туған халқының мәңгілік сүйіспеншілігіне бөленгендері де, елін тоздырып, дұшпанға таба қылғандары да жоқ емес. Бірақ олардың бәріне ортақ бір қасиет – өз замандарының қа­лып­тасқан жағдайларына байланысты қал-қадірінше хандық туын жықпауға тырысты.

Иә, төрт ғасыр бойы дәуірлеген Қазақ хан­дығының тарихында нелер болмады. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап» қалың қазақ мамыра-жай тірлік кешкен дәуірлеу кезеңі де, жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартып кең сахараны бұлт торлап, ер етікпен қан кешкен күйзел­ген кезеңдер де өтті.

Көнеден келе жатқан небір тарихи деректерде бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасы алып жатқан ұлан-ғайыр аймақ ежелден-ақ қазақ халқының этникалық негізі болып табылатын қазақ тайпаларының атамекені болатын. Қазақ хандығының құрылуы қарсаңында XIV-XV ғасырларда): үйсіндер өздерінің байырғы заманнан бергі мекені – Жетісу өңірінде, дулаттар – Іле, Шу, Талас өзендерінің сағаларында, Ыстықкөлдің оңтүстігін, Оңтүстік Қазақстандағы «Отырар жасыл алқабын», қаңлылар – Қара­тау баурайын, орта Сырдария мен Жетісудың батыс бөлігін, арғындар – Ертістен батысқа қарай Орталық Қазақ­станды, Сырдарияның алқаптарын және Жетісудың батысын, наймандар – Ұлытаудан Есілге дейінгі аймақтарда, қоңыраттар – Түркістан мен Қаратау өңірлерін, керейлер – Тарбағатайда, Ертіс бойында, Зайсан көлінен Ом және Тобыл өзендерінің аңғарларына дейінгі ұлан даланы жайлап жатты.