Алғы сөз
Алаш ардагерлерінің шығармаларындағы ұлттық рух, сөз өнерінде көркемдік дәстүр ретінде үзілмей жалғасын тауып жатқанын әдебиет тарихынан білеміз. Еліміздің мерейін өсіруге, еңбектерін жан аямай жасаған арыстарымыз баршылық. Осындай ардақтыларымыздың бірі нұрлы Нұраның перзенті, белгілі ақын және әдебиетші ғалым Бүркіт Ысқақов.
Қазақ әдебиеттану ғылымы мен қазақ поэзиясында, балалар әдебиетінде өзіндік із қалдырған Бүркіт Ысқақовтың есімін аға буын үлкен құрметпен атайды.
Ақиқатын айту абзал, Бүркіт Ысқақов – әдебиетіміздегі іргелі қаламгер. Оның қаламынан туған туындылар оның өз заманының үні болғанын танытардай, әрі көркемдік бояуы қанық ерекше туындылар санатында. Сондықтан да болашағының бағдарын, кешегісі мен бүгінгінің салмағын даралап та саралайтын ұрпақ үшін Бүркіт Ысқақовтың шығармашылық мұрасын тану уақыт мінберінде тұрған мәселе.
Бүркіт Ысқақовтың өмір жолы мен шығармашылық кезеңі де ешкімді қайталамастай өзгеше.
Қазақ халқының отарлық езгіден құтылуын армандап, осы мақсатқа жету үшін рухани тәуелсіздікке ұмтылудың жолын іздеп, «Елін сүйген ерлер партиясын» («ЕСЕП») құрған күрескер тұлға, ақын, ғалым Бүркіт Ысқақов туралы ақынның досы, ЕСЕП партиясының белді мүшесі Махмет Темірұлы өзінің естелігінде «...Қаршадайынан халықтың қамын ойлап, туған елі мен жерін жанындай сүйіп өткен Бүркіт Ысқақов сынды азамат өмірге өте сирек келеді. Ол жас кезінің өзінде-ақ Кеңес өкіметінің, коммунистік қоғамның әділетсіздігін, халыққа істеп отырған қиянатын зерделілігінің арқасында ерте аңғарып, оған жан-тәнімен наразы болды. Саяси көзқарасы ерте қалыптасып, ерте жетілді. Оның әңгімесін өмірден көрген - түйгені көп үлкен кісілердің өзі таңдана да, сүйсіне де тыңдайтын» - деп еске алады.
Ұлт азаттығы жолында азап шеккен арыс ақынның ұлт үшін атқарған еңбегін бүгінгі ұрпаққа әйгілеп, соңында қалған рухани мұрасын оқырман қауымға кеңінен насихаттау мақсатында «Өлкетану әдебиеті» бөлімі «Елін сүйген ердің ізі» атты виртуалды кітап көрмесін ұсынады.
Бұл көрме білім беру және мәдениет салалары қызметкерлеріне, әдебиетшілер мен журналистер қауымына, студенттер мен оқушыларға арналған.
Құрметті оқырман, назарларыңызға ұсынылып отырған виртуалды кітап көрмесі 4 бөлімнен тұрады: «Ғұмырбаян», «Жарқылдаған жырлар», «Қайсар ақын», «Ұлт ұраншысы».
Ақын ағамызға арналған көрмені тамашалап, ақынның шығармашылығымен танысуға шақырамыз. |