Биыл заманымыздың заңғар жазушысы, академик, драматург, ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің  125 жылдық мерейтойы.

Осыған орай кітапханамызда 27 қыркүйек күні Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, жазушының артында қалған мол мұрасын зерделеп, шығармашылығын кеңінен насихаттау, заңғар жазушыны құрметтеуге, елін жерін, әдебиетті сүюге тәрбиелеу мақсатында «Қара сөздің хас шебері» атты әдеби - сазды кеш өтті.

Кеш қонақтары Bolasaq академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Меруерт Серикбайқызы ғасырлар бойы көшпелі тіршілікті бастан кешіріп, XIX ғасырдың бел ортасында жол айрығына келген қазақ өмірінің барлық әні мен нәрін, сыны мен сырын, соры мен бағын теңдессіз тарихи тұлға Абай тағдыры арқылы әрі көркем, әрі түпсіз ой көзімен ашып берген суреткердің өмір жолына тоқталып. Абай жолы эпопеясы мен асқан шеберлікпен жазылған шағын әңгімелері, повестері мен  драмалық шығармалары жайлы мағлұмат берді.

Сләмия Саттаров атындағы мектеп лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Тоғжан Ордабайқызы жазушының қазақ өмірінің нақтылы құбылыстарын, табиғи қалпын көрсететін қазақ әдебиетінің алтын қорына енген шығармалары «Қилы заман», «Көксерек», «Қорғансыздың күні», «Кінәмшіл бойжеткен» жайында әңгімеледі.

Қазақтың дәстүрлі өнерін жеткілікті деңгейде таратып, жас ұрпаққа тәлім беріп жүрген №2 балалар музыкалық мектебінің оқытушысы Жақсылық Ермекбайұлы Абай Құнанбаев қазақ тіліне А.С.Пушкиннен аударған «Татьянаның хаты» әнін және халық әні Алқоңырды әуелете шырқады. Қарағанды Жоғары Медициналық Интерколледжінің студенті  Қамбарбекова Кәусар Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай» әнін орындады.

Жазушыға талай ақындар жүрек жарды сүйікті жырларын арнаған. «Жыр-жауһар» шығармашылық орталығының жас ақыны Тілеужан Ерқанатұлы «Мұхтар аға» атты Расул Ғамзатовтың арнау өлеңін оқып кештің көркін кіргізді.

Арнайы кешке келген студенттер мен оқушылар жазушы шығармаларынан «Көксерек», «Қыр суреттері», «Жетім», «Қараш-Қараш оқиғасы» әңгімелерінен үзінділер оқыды. Байқадам ауылы Байқадам орта мектебі «Қорғансыздың күні», Сләмия Саттаров атындағы мектеп лицейінің оқушылары «Еңлік-Кебек», шығармаларынан қойылым көрсетті. Мұхтар Әуезовты қазақ халқының алып тұлғасы ретінде сипаттап, өлең жолдарымен өрнек өріп, жырларына арқау еткен ақындар өлеңдерін оқыды.

Әлемге Абайдай дананы танытып, өзі де қайталанбас бірегей тұлға болып танылған Мұхтардай ұлы жазушының құнды әдебиеттерін оқырман қауымға «Мұхтар Әуезов – ғасыр перзенті» атты кітап көрмесі арқылы ұсынылды.