Тәуелсіз елім тірегім,

Өзіңмен мәңгі жүрегім.

Алаш жұрты аңсаған,

Орындалды тілегің.

Тәуелсіздік – еліміздің ең ұлық мерекесі. Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болғандығымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды. Дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем білді.

Аталмыш мереке аясында кітапханамыздың оқу залдар бөлімінде  "Тәуелсіздік - елімнің ерлік жолы"  атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырман  назарына ұсынылды.

Көрменің негізгі мақсаты - жастарды еліміздің тарихи кезеңдеріндегі жүріп өткен жолы мен тәуелсіздігі туралы жаңа әдебиеттермен таныстыру.  Отан – Ананы құрметтеуге, елінің тәуелсіздігі жолында күрескен ерлердің қаһармандығын мақтан тұтуға тәрбиелеу.

Көрмеміздің басты кітабы - Қазақстан Республикасының Конституциясы. Қазақстан Конституциясының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Жаңа Конституцияға алғаш рет адамзаттың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына қатысты нормалар енгізілген.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың "Тәуелсіздік дәуірі" және "Мәңгілік ел Ғасырға бергісіз жылдар" атты кітаптары көрмеміздің мазмұнын аша түседі.

"Тәуелсіздік дәуірі" атты жаңа туынды егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің  ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән – мазмұны мен тетіктері егжей – тегжейлі баяндалады.

Ал, "Мәңгілік ел Ғасырға бергісіз жылдар" атты кітап - Қазақстанның тәуелсіздік жылдардағы жүріп өткен Ұлы өзгерістер жолы жан - жақты қамтылған тұңғыш еңбегі.

Халықтың тарихы - мемлекет тарихымен бірге дамиды. Қазақстан Республикасының әлеуметтік - экономикалық дамуының он алты жылғы тарихына деген қызығушылықты оятатын туынды "Тәуелсіздік шежіресі" деп аталады. 3 кітаптан тұратын туынды - тәуелсіз мемлекеттің мұрасын қадір тұтуға, Елбасына деген құрмет сезімін, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімінің тууына әсер ететін кітап.

Мемлекетіміздің президенті Қасымжомарт Тоқаевтың "Беласу" деп аталатын туындысы Тәуелсіз Қазақстанның ішкі саясаты, бұл жолда Елбасының атқарған қыруар еңбектері жайлы сыр шертеді.

"Под стягом независимости" деген еңбегі Егемен мемлекет ретінде халықаралық аренадағы сыртқы саясатты жүргізу жолына бағышталған. Аталған монографияда құжаттық материалдардың бай қоры жинақталған.

Сонымен қатар, кітап көрмесінде қорымыздағы мерзімді басылымдар беттеріндегі материалдар да ұсынылған.

Әбіш Кекілбайұлы: "Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік", - деген еді.

Тәуелсіздік!

Ғасырлар бойы халықпен бірге жасап келген асыл арман, ұлы ұғым!

Еліміз тұғырлы болуы үшін тәуелсіздігіміз ғұмырлы болуы шарт. Ол үшін тәу етер жалғыз киеміз – тәуелсіздікті қастер тұтып, қорғай білуіміз керек. Әлем таныған Қазақстан үшін Тәуелсіздік күні қастерлі мереке!

Ендеше тәуелсіздік жылдардағы еліміздің осындай ерлік жолдарын айта отыра кітапханамыздың алтын қорындағы кітаптарды оқып, тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында аянбай еңбек ете берейік!

Мемлекеттігіміз мәңгілік болсын!

 Оқу залдар бөлімінің кітапханашысы:

Искакова А. Ж.