Қазақ руханиятынан өзіндік орынын ойып тұрып алған белгілі журналист, шежіреші, этнограф - жазушы, өлкетанушы, ҚР Мәдениет қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Төрехан Майбастың 70 жылдық мерейтойы аясында өңірімізде қаламгердің шығармашылығына арналған мәдениет, білім беру мекемелерінде рухани іс-шаралар өз деңгейінде өтіп жатыр. Осындай игі шара жалғасы ретінде сөз өнерінің жілігін шағып, майын ішкен Төрехан Әкімжанұлының Алматы қаласының «Алгорифм» баспасынан 500 данамен жарыққа шыққан «Алжыған ғасыр» кітабының таныстырылымы өтті.

Рухани кештің беташар сөзін Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Е.М. Нелдібаев ашып, жазушының 70 жас мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты.

Төкеңнің қаламынан туындаған тұлғалы азаматтар туралы портреттік мақалалары, ел мен жер тарихын, батырлар мен билер туралы зерттеу-әфсаналары, танымдық дүниелері оқырман қауымға кеңінен таныс. Адамзаттың ең ұлы жаңалығы – кітап деп оқырманға жол тартқан жаңа кітаптың лентасын Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры, өнердің үлкен жанашыры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков және белгілі ақын Жұмағали Қоғабай, ақын, прозашы, публицист, аудармашы, сондай-ақ, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі баспасөз қызметінің ардагері Қайырбек Сәдуақасов қиып, жылы лебіздерін білдіріп ақ батасын берді.

Сөз кезегін алған еңбек ардагері, өлкетанушы, шежіреші, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, қоғам белсендісі Аңғар Смағұлов «Алжыған ғасыр» кітабынан Атазаңның ауа райындай өзгере беретін, өз ана тілінде сөйлемейтін, баласы шетел асырылып жатқан, некесіз сәби сүйген, бүгін қосылып, ертең ажырасып жататыны, билігі халқынан ажырап қалған, жемқорлық жолында ұлт сатқындығына дейін барған қазақ қоғамының көлеңкелі тұстарына барынша сәуле түсіруге ұмтылған шығарма екенін ортаға салып, өз ой-пікірін білдірді.

Мұнан кейін кеш пікірлесу алаңымен ұштасып, шығарма қалай жазылды, жазуға не түрткі болды, авторлық әдеби шешімі қандай, жалпы ойыңыздағының бәрін жасай алдыңыз ба, жеткізіп жаза алдыңыз ба? деген сұрақтар төңірегінде оқырман қауым көңілдерінде жүрген көкейкесті сұрақтарына жауаптарын алды.

Күй өнері - халық қазынасы, мұрасы дегендей Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртісі, Халықаралық жəне республикалық конкурстардың лауреаты Е.Упабековтың орындауындағыхалық күйі «Ақсақ құланы» оқырман қауымды бір серпілтіп тастады.

Кешті жүргізген ақын, «Орталық Қазақстан» газетінің журналисі Е. Кеңесбек жүректердің түбіне Сөз бен Ойдың сәулесін түсіруді шебер пайдаланатын, әр сөзді жүйесімен қолданатын Төкеңнің мына жаңа кітабынан оқырмандар өздерінің көкейіндегі көптеген сұрақтарына жауап табады -деп келген қонақтарға алғысын білдірді.

Сонымен бірге шара аясында Т. Майбастың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Жазушы кешке қатысқан мектеп кітапханашыларына, қонақтарға қолтаңба қойып, кітабын сыйға тартып, естелік фотоға түсті.

Құрметті оқырман! Жарық көрген кітапты парақтаудан кеш қалмаңыздар!

 

Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы С.О. Телпекбаева