Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен 2023 жылдың 13 қазан күні Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мұрасына арналған облыстық «АлашTime» форум-байқауы өтті.

Форум-байқау кітапхананың бірінші қабатында орналасқан «Әлихан Бөкейхан – дәуір тұлғасы» атты диалог-көрмесімен ашылды. Ашылу салтанатында тарихшы ғалым, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Ахметқызы Бейсенбекова, ұлағатты ұстаз, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, Әлихан Бөкейхан атында мектептің, ауданның есімін беруде үлкен қызмет атқарған еңбек ардагері Тілеуғалы Әміртайұлы құттықтау сөз сөйлеп, форум-байқаудың жұмысына сәттілік тіледі. Абай атындағы мектеп-гимназияның оқушылары Ә. Ілиәш, О. Ерхан, А. Рахметолла, А. Ахметов Алаш қайраткерлерінің Әлиханға арнаған өлеңдерін жатқа айтып, оқырман қауымын жырмен сусындатты.

Іс-шара «Әлихан һәм қазақ елі» тақырыбында ашық алаңмен жалғасты. Ашық алаңға «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығының ғалымдары, ақын-жазушылар, өлкетанушылар, тарих пәнінің мұғалімдері, кітапханашылар, студенттер қатысты.

Басқосуды академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Әділет Бауыржанұлы Жағыпар модераторретінде жүргізіп отырды.

Бұл алаңда тарихшы ғалымдар Н.А. Бейсенбекова, Т.Т. Аршабеков, Т. Әміртайұлы «Әлихан Бөкейхан - Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеясын негізін салушы», «Әлихан Бөкейхан – әлемдік тұлға» деген деген пікірге ұйытты Оқырман қауым өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына тұщымды жауаптарын алып, жиын соңы пікір алмасумен жалғасты.

Содан кейін «АлашTime» форум-байқауының ақтық сынға өткен үміткерлердің қазылар алқасының алдында өз өлеңдерін оқып, бақтарын сынады.

Негізі бірінші кезеңінде Қарағанды, Теміртау, Семей қалаларынан, Шет, Абай, Нұра, Ақтоғай, Қарқаралы аудандарынан 18 бен 35 жас аралығындағы жастарӘлихан Бөкейхан тұлғасын ашуға және еркін тақырыпта барлығы 2 өлең жазып, сынға түсті. Барлығы 18 үміткер қатысты.

Бұл байқауда ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Орталық Қазақстан» газеті интернет редакциясының редакторы Мұқай Ілияс Дүнгенбайұлыазылар алқасының төрағасы), ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Сейдахмет Мүсіркеп Әлімжанұлы, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-дың журналистика факультетінің аға оқытушысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жақан Әлімжан Құтжанұлы қазылық етті.

Түстен кейін қазылар алқасының талқысынан өткен, қатарластарынан оқ бойы оза шапқан жеңімпаздар марапаттау салтанатымен жалғасты.

Алаш идеясын, Алаш мүддесін жеткізген Әлихан Бөкейхан: «Қазақтың байырғы жерін қазақтар ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді... Оның әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек... Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек» деген сөзі осы күні де жанымызға жақын екенін несіне жасырайық? Осыған орай Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп оқушыларыН. Рахимбаев, Н. Қанапия, Н. Беймбетов, А. Усенова, А. Рустамқызы, А. Жұмабек, Б. Шалқарұлы, А. Серікбайдың дайындаған «Әлихан Бөкейханның 5 ұстанымы» атты көрінісі оқырман көңіліне бір сөнбес сәуле қонақтатып, қанат бітірді.

Марапаттау салтанатында сөз кезегін алған Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев жыр сүйер қауымды рух мерекесімен құттықтап, өскелең ұрпақ үшін, ұлт мүддесі үшін осындай шаралардың жүзеге асқанын атап өтті. Қатысушыларға алғыс білдірді.

Ұшқыр ойдың серіктері білім, ынта, ізденіс, нәтиже екенін көрсеткен кіл мықтыларға дипломжәне ақшалай сыйлық табысталды.

  • Бас жүлде - Абзал Мақаш (300000 тенге) Қарағанды қаласы
  • І орын - Кәмшат Хасен (150000 тенге) Қарағанды қаласы
  • ІІ орын - Мағжан Асқар (100000 тенге) Қарағанды қаласы
  • ІІІ орын - Ербұлан Мақатай (80000 тенге) Қарқаралы ауданы
  • ІІІ орын - Әгенқызы Таңсәуле (80000 тенге) Теміртау қаласы
  • Арнайы дипломмен
  • 1. Абайбол Кәміл (50000 тенге) Абай ауданы
  • 2. Амангелдинов Берікбол (50000 тенге) Шет ауданы

Кеш соңы концерттік бағдарламамен жалғасып, жүлделі орын алған жеңімпаздар өлеңдерін оқыды.

Қазақтың шаңырағынан түскен күндей болған ер Әлиханды ел мәңгілікке ұмытпайды. Ұмытпайтыны - Әлиханның идеясы - Алаш идеясы. Ал, Алаштың жолы - біздің жол.

Өлкетану әдебиеттер бөлімінің басшысы: С.О. Телпекбаева