Бүгін кітапханамызда үлкен мәдени ошақ, халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткенін, яғни, тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа жеткізу мен сақтауда еңбегі зор Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің 90-жылдық мерейтойына арналған “Музей – тарих айнасы» атты тарихи-сазды кеш өтті.

Мақсаты - жастарды музей әлемімен, өлкеміздің тарихи-мәдени мұрасымен таныстыру, еліміздің тарихына деген қызығушылық пен құрметті қалыптастыру, патриоттық сезім мен туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Кешке облыстық музей басшысы – Ержан Нұрмағанбетов бастаған бас қор сақтаушысы Меруерт Орыспаева, жалпы тарих, археология және этнография бөлімінің басшысы Дәурен Жүсіпов, экскурсиялық-бұқаралық бөлімнің басшысы Зәуреш Тебаева қатысты.

Мерекелік шараны кітапханамыздың басшысы Дина Базарбайқызы ашып, сөзінде Арқа тарихы мен мәдениетіне ұлттық құндылығымызды сақтап қана қоймай, оны бірегей экспозициялар арқылы насихаттау жұмысын алға қойған музейдің еліміздің рухани өміріне қосып келе жатқан зор үлесі туралы айтып, кітапханаға білдіретін қолдауларына алғыс білдірді. Аталмыш шара барысында Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің Тәттімбет атындағы академиялық оркестрдің күйшісі Бақраев Қанат, «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығының мүшесі Манап Анықбаев күй шашу ұсынса,  ақын Еркебұлан Елеусізұлы жырларын оқыды.

Кешке келген Е.Бөкетов атындағы университетің тарих факультетінің студенттері мен музейдің ғылыми қызметкерлері арасында қызықты және танымды диалог орын алды. Музейге деген қызығушылығы мол жастар құнды жәдігерлер туралы білімдерін молайту мақсатында сұрақтарын жаудырып, тыңғылықты жауаптар алды. Арнайы осы кешке музей қорындағы Болған ана қорымынан табылған алтын тостаған мен алфавиттер туралы 18 ғасырда жарық көрген көне кітап жиылғандардың ерекше қызығушылығын арттырып, кешті қыздыра түсті. Ал арнайы осы кешке музейдан әкелінген патефоннан ойнаған сазды әуен тіпті керемет күйге бөледі.

Белсенді оқырмандарға музей тарапынан билеттер ұсынылды.

Кеш соңында кітапхана қорындағы «Музей – тарих айнасы» атты көрме көрермендер назарына ұсынылды.


Өнер туралы әдебиеттер бөлімінің басшысы: Оспанкулова Б.З.