Дана халқымыз: «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» - деп бекер айтпаған ғой. Сондай өлкенің бірі - қаншама жұмбақ әлемді қойнына жасырған, дарабоз дарындардын түлетіп, ұлтының ұраны болған батыл ұлдарын, өрелі өнер тұнған, небір дүлдүл өнерпаздарын дүниеге әкелген – Ақтоғай өңірі. Ел – ерсіз, жер тарихсыз болмайды. Сол тарихты меңгере алған ұрпақ бойына туған топырағын қастерлей біледі, сенімін ұялатып, сүйіспеншілігін арттырады. Осы сөзді дәлелдей түскен бүгінгі кітапханада өткен «Сарқылмас сырлы Сарыарқа» атты поэтикалық-композициялық кеш.

Бұл кеш Ақтоғай өңірінің тумасы, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Театр қайраткері, сценарист, режиссер, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы Аманолла Ақторғайұлы Шайбековтың шығармашылығына арналды.

 

Кеш шымылдығын ҚР Мәдениет қайраткері, Қ.Байжанов атындағы КБ әншісі Дәуренбек Әркенов өзінің «Арқаның алтын аймағы» әнімен ашты.

Ерекше кештің тізгінін қолына алған белгілі тележурналист, ҚР Мәдениет қайраткері Әли Тойжігіт кітап авторы Аманолла ағаның ғұмырнамасынан мәлімет беріп, осындай шараны өткізуге мұрындық болған кітапхана ұжымына алғысын жеткізді.

Сөз кезегін алған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы Сүйіндік Жанысбай Қарағанды қаласындағы «Полиграфист» баспасынан жарық көрген «Сарқылмас сырлы Сарыарқа» кітабының халық ауыз әдебиеті негізіне сүйеніп жазылған танымдық шығарма екенін, сондай-ақ мұндағы айтылатын әңгімелер қазақ тарихында белгілі оқиғалар уақыттарымен межеленіп жазылғанына тоқталды.

Ал, Аманолла ағамен жастайынанбір ауылдабірге өскенсырлас досы белгілі өлкетанушы, Алаш арыстарын насихаттаушылардың бірі, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Тұңғышбай Мұқан досының шығармаларының негізгі түйіні Ақтоғай өнерін және Орталық Қазақстан өңірінде өмір сүрген «Дала данышпандарын» дәріптеп, республика көлеміне танымал ету болып саналатындығына тоқталды, тамаша деректер келтірді.

Кеш барысында А.Шайбековтың Ақтоғай ауданының мәдениет пен өнердің түрлі саласындағы және қоғамдағы сеніп тапсырылған қандай да болмасын міндеттерді абыройлы атқарып жүргендігі, облысымыздың тарихи тұлғалары туралы тарихи тәлімдік насихат жүргізушісі, ол ақын, сазгер, әнші, суретші, актер, режиссер, сценарист, сатирик, драматург – жазушылық және сахна өнерін зерттеушісі екені кеңінен айтылды. Оның 1990 жылдардағы ауыр кезеңде, ауылды жерлердегі, мәдениет ошақтарының сақталып қалуы мақсатында, Семей, Талдықорған, Павлодар, Қарағанды және Жезқазған, Алматы, Жамбыл облыстарының жерлерінде өз қаражатымен жүріп, мәдениет ошақтарын сақтап қалу мақсатында насихат жүргізгендегі еңбегі оқырман қауымды қызықтыра түсті.

Кеш иесі Аманолла Шайбеков жаңа кітабын оқырмандарына ата бабалар өміріне көңіл бөлсе деген ниетте жазылғандығына тоқталып, Орталық Қазақстан жерінде өмір сүрген Орта жүз ішіндегі Арғын атасынан бөлініп шығатын Қаракесек руының Түйтеден тарайтын Әлтеке-Сарым ұрпақтарының бірлігі, ағайындығы, бауырмалдығы, рулы ел болудағы ынтымақ ниеттерді баса көрсеткендігін ортаға салды. Мұнан соң осы кітаптағы «Бала Майқының Болатқожадан бата алуы» әңгімесінен үзінді оқып берді.

Сегіз қырлы, бір сырлы Аманолла ағамыз сатира саласында республикалық сатириктердің « Судыр Ахмет» атындағы жүлдесінің иегері екен. Оның оқыған «Мұғалім» сатирасы әдеби қауымды бір елең еткізді.

Арнайы кешке келген «Ақниет» ардагерлер ансамблі орындауындағы жыр - шашу кештің сәнін әрлендіре түсті, оқырман қауымға керемет көңіл-күй сыйлады.

Сонымен бірге А.Шайбеков «Ұлытау үні», «Бұқарекең жырлайды» жазба ақындар байқау мүшайраларының жүлдегер жеңімпазы. Ақынның жазған өлеңдерін №17 ЖББОМ 8 сынып оқушылары Нұргелді Аружан, Сержанова Аягөз, Ақылбекова Аружан «Жігіттер артыңды ойла», «Күз», Ниетсіз ел болмас» атты өлеңдерін оқыды.

Кеш соңында қонақтар естелік суреттерге түсіп, туған жер қасиетін ұрпақ бойына сіңіруге атсалысып жүрген Аманолла ағамыздай тұлғалар көп болсын деген жақсы ниетпен тарқасты.

 

Өлкетану бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева