Кеше кітапханамыздың базасында ZOOM  платформасында сахна саңлағы, жерлесіміз, Қарқаралы ауданы, Милыбұлақ ауылының тумасы, көрнекті актриса ҚазКСР және КСРО-ның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ұлағатты ұстаз, профессор Шолпан Исабекқызы Жандарбекованың 100 жылдық мерейтойы аясында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының «Театр өнері» факультетінің ұйымдастыруымен «Қазақ сахнасының Ақтоқтысы» атты дөңгелек үстел өтті.

Сыр-сұхбатқа еліміздің әр түкпірінен онлайн арқылы актрисаның шәкірттері, әріптестерімен қоса кеншілер  қаласынан өнер майталманының шәкірттері С.Сейфуллин атындағы облыстық Академиялық қазақ драма театрының актерлері Бижамал Кемалова, Қайрат Кемалов, К.Станисловский атындағы облыстық орыс драма театрының басшысы Дунай Еспаев және актрисаның жиені Әсет Ақынов қатысты.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар актрисаның өнегелі өмірі, шығармашылығы туралы естеліктерімен бөлісті. «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі Ерғазы Қараш жерлесіміз Шолпан Исабекқызының шығармашылығы жайлы жазылып жатқан кітаптың авторы ретінде  қатысушыларға алғысын білдіріп, мерейтой аясында өтетін шаралар туралы баяндады.  

Кітапханамызда Шолпан Жандарбекованың құрметіне «Қазақтың Ақтоқтысы» атты кітап көрмесі қойылды. Толығырық ақпаратты кітапханамыздың Youtube каналынан көре аласыздар.