"Жадымдасың, жақсы аға" Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл: библиографиялық жадынама / Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. : Ұ.Ө. Жамауова. – Қарағанды, 2021

"Жүрегімді менің өлеңдерімнен ізде..."
М.Мақатаев

Иә, өмірін өлеңінен, өлеңінің өмірінен бөліп қарауға болмайтын Мұқағали Мақатаевтың есімі - "Поэзиямен" егіз ұғым. Күллі қазақ даласын шексіз іңкәрлікке, ұлы сағынышқа толы нәзік жырларымен тербеткен, ақиық ақынның мол мұрасы бүгінгі таңда барша қазақтың мақтанышына айналды. Тілге жеңіл жүрекке жылы тиетін жыр жолдарын көкірегінде саңылауы бар әрбір азамат жатқа айтады.

Ақынның өзі: "Кейде күлімдеген, кейде түңілген жанымның құдды дауысындай...", - деп баға бергендей оның әр өлеңі өміріндегі әсем әуез бен мұнар мұң жетегіне жетелей жөнеледі. Ақынның бүкіл ғұмыры өлеңдерімен өрілген. Ол үшін поэзия – жанының шырылы.

Ендеше, 45 жыл ғұмырында сан ғасырға азық болардай мол қазына қалдырған, қазақтың қасиетті қара өлеңін биіктерге өрлеткен, бүгінде жасын да жақұт жырлары жалпақ жұртшылықтың жадында жатталған лирик ақынның ғұмырбаяны мен шығармашылығына арналған "Жадымдасың, жақсы аға" библиографиялық жадынамасын назарларыңызға ұсынамыз.

Жадынама көпшілік оқырманға арналған.