Жастайынан тағдырдың тәлкегіне ұшырап, екі құлағы естімей қалса да көкірек көзі ояу болған Сапарғали Ләмбекұлы бала күнінен жазушы болуды армандаған. Осы жолда тынбай еңбек етіп келешек ұрпаққа өшпестей із қалдыра білген қайсар жанды азамат өмірден көргені мен көңілге түйгендерін қаламмен қағазға түсіре білген. Ол өмір үшін күресе білген қайталанбас тұлға. Ауылда құр алақан жатпай қасиетті туған өлкесінің тау тасын, өзен қыратын, ел есінде қалған майталман тұлғаларын қағаз бетіне түсіре жүрген. Биыл Сапарғали Ләмбекұлының туғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай қайнаған өмірден өзіндік қолтаңбасын қалдырған жазушының құрметіне өлкетану әдебиеті бөлімінде «Тағдыр мен талант» атты кітап көрмесі қойылды. Көрмеде жазушының өзі жазған кітаптары, мерзімді басылымдар бетіне шыққан мақалалары және ол туралы жазылған замандастарының естеліктері қойылды. Сапарғали Ләмбекұлының ғибратқа толы шығармаларын біздің кітап көрмемізден алып оқуларыңызға мүмкіндіктеріңіз бар.

Қазақтың шертпе күйінің атасы Тәттімбет Қазанғапұлы туралы құнды мәліметтерді халқына тарту етті. Күйшілік өнерді өміріне арқау еткен Тәттімбет Қазанғапұлының өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған «Тәттімбет» атты кітаптан күйшілік өнердің қыры мен сыр туралы өнерді сүйген жан әлемі, адалдық пен әділдікті ту еткен күйші туралы баяндалған көркем суреттелген туындыны жарыққа әкелді.

ХІХ-ХХ ғасырлар алмасуындағы алмағайып заманының шер – мұнын арқалаған арыстардың тағдыр – тақсіретін өзек етіп, ащы шындықты көркем тілмен жазған «Арыстар» атты романың оқып Алаштың айтулы азаматтары Ахмет Байтұрсынов, Нығмет Нұрмақов, Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков туралы ащы шындықтың ақпарларымен таныса аласыздар.

Туған жердің топырағы ыстық демекші Сапарғали Ләмбекұлы «Туған елдің түтіні» «Алапай мен талапай» «Сырперне» атты туындылары ауыл өмір туралы көркем суреттеліп баяндалған.

Қарағанды кеншілерінің өмірі де оны қызықтырмай қоймады. Шахтерлердің жер қойнауындағы тағдырлары туралы сыр шертетін «Қатты қабат» атты кітабын оқып, жет қабат жер астындағы өмір туралы қызығы мен шыжығы мол кеншілер өмірлерін баяндайды. Өмірдің бұралаң шағында сынақтарға мойымай алдыға қадам баса білген жазушымыздың ғұмырнамалық хикаятын «Тағдырмен тартыс» атты кітабынан қызықтап оқуларыңызға болады.

Сонымен бірге көрмеден мерзімді басылымдар бетіне шыққан мақалаларымен де таныса аласыздар. Атап айтсақ: «Жалын» журналының 2008 жылы №9 санында С. Ләмбекұлының «Ойшыл шайыр» атты мақаласынан Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы, «Азия транзит» журналының 2005 жылы №8 санында шыққан Үшқараны жырға қосқан Қаракесектердің батыры Мәди Бәпиұлы туралы «Мәдидің қазасы» туындысын оқып біле аласыздар.

Сапарғали Ләмекұлының шығармашылығы туралы қаламгерлердің, журналистердің «Орталық Қазақстан», «Қарақаралы» газеттерінде жарық көрген мақалалары оқып, 2007 жылы кітапханамызда өткен кездесудегі естелік фотоларды көрмеден көре аласыздар.

Өмірдің ағысына мойымай бойындағы талантын ұштай білген Сапарғали Ләмбекұлы республикаға танымал қаламгер, Қазақстан Жазушылар Одағы және Журналистер одағының мүшесі болды. Өмір атты керуенде жол таба білген, қараңғылық әлемінде жұлдызын жаға білген жазушымыздың кемеңгерлігі баршамыз үшін үлгі өнеге бола бермек.

Қарымды қаламгердің туындыларын оқуға асығыңыздар! Кітапхана қорындағы жазушы туралы ақпараттармен таныс болыңыздар!