Жеңістің өшпес шырағы: облыстық байқаудың «Жеңіс жайлы жырлаймын...» және «Соғыс жайлы барлығы жазылған жоқ» аталымдарына түскен шығармалар жинағы. – Қарағанды: «MAGZHAN», 2020. – 120 б.

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Жеңістің өшпес шырағы» облыстық байқауы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай қолына қалам ұстаған дарындардың басын қосты! Байқау жоғары деңгейде өтті. Сексенге тарта үміткерлер бабы мен бағын сынға салып, екінші дүниежүзілік соғыс, қаһармандарымыз, ардагерлеріміз, тыл ардагерлері жайлы, Отан, ел мен жер, патриотизм тақырыбында жаңа шығармаларын ұсынып, руханият қорына елеулі олжа салды.

Екінші дүниежүзілік соғыста Жеңіс туының желбіреуіне қазақстандық қаһармандардың үлесі орасан зор болды. Сол Жеңіс туын Рейхстакқа тіккен Рахымжан Қошқарбаев ағамыздың ерлігінің өзі неге тұрады?! Бұл жолда қасықтай қанын, бозторғайдай жанын қиған жерлестеріміз, қаһарман қарағандылықтар қаншама! Етігімен от кешіп, кеудесін оққа тосса да есімі елеусіз қалған батырларымыз әр әулеттен, шаңырақтан табылады. Олардың есімін жаңғырту – бұл байқаудың басты мақсаттарының бірі болатын. Ұлы Жеңіске арналған жерлерді, ескерткіштерді, Жеңіс жолында шаһит болған, тылда ерен еңбек еткен ардагерлерді жастар шығармашылығына арқау етуді көздедік, және бұл мақсаттарға жеттік деп ойлаймын!

Толығырақ...

«Бір ел-бір кітап» республикалық акциясы бойынша 2020 жылы Қазақстанда жалпыға бірдей оқырмандар үшін ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына байланысты Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы ұсынылып отыр.

«Абай жолы» роман-эпопеясы – қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл кеңес әдебиетінің де дүниежүзілік даңққа бөленген ұлы туындыларының бірі. Шығарма елуден артық тілге аударылып, әлемнің барлық құрлықтарына тарады. Көптеген елдің адамдары бұл романнан қазақ халқының жартығасырлық өмірінің толық суретін, әлеуметтік жағдайын, мәдениетін, тұрмысын таныды.

Жадынамада қазақ және орыс тілдерінде жазушының өмірбаяны, шығармашылығы туралы баяндалып, кітаптар, мақалалар тізімі ұсынылған.

Жадынама көпшілік оқырманға арналған.

Қазақстан Республикасының 2021 жылы аталып өтілетін және еске алатын күндер күнтізбесі / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ; құраст. Н.О.Искакова. – Қарағанды, 2020.

Жыл сайын Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ақпараттық - библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі Қазақстан Республикасының ұмытылмас, тарихи күндеріне арналған күнтізбе шығарады.

Осы күнтізбеде елімізге танымал ақын-жазушылардың, мәдениет және өнер қайраткерлерінің, ғалымдардың, саясаткерлердің, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің 2021 жылы аталып өтілетін мерейтойлы даталары қамтылған.

Басылымға тарихи оқиғалардың күндері мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік және кәсіби мерекелері күндері енгізілген. Құрастырушы мерейтойлы даталарды атап өтуде өзіндік көмегін тигізеді деген мақсатта Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК қорынан табылатын әдебиеттер тізімін де ұсынған.

Күні мен айы белгісіз айтулы даталар бөлек беріліп, оларға да әдебиеттер тізімі жасалған.

Күнтізбе материалы әр айға бөлініп, онда жалпы тізім бойынша орналастырылған.

Күнтізбе қазақ және орыс тілдерінде шығады.

Басылым көпшілік қауымға, мамандарға, студенттер мен оқушыларға, мектеп мұғалімдеріне, кітапханашыларға арналған.

Бейбіт күн тілегі: Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына арналған әндер жинағы./ Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ; құраст. Б.З.Оспанкулова. – Қарағанды, 2020. – 60 б.

Тарих көші үнемі жаңарып, жаңғырып отыратын құбылыс. Десе де сол толассыз қозғалыста ұмытылмайтын, ескермейтін тарихи оқиғалар болады. Соның бірі – әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс. Оның қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиетін, батыр ағаларымыз бен апаларымыздың ерлігін ешкім де ешқашан ұмытпақ емес!
Әлемді дүр сілкіндірген оқиға 1941 жылы маусымның 22-де болған еді. Бірақ сол кездегі Кеңес елінің бірлігі мен қайтпас қайсарлығының арқасында 1945 жылы 9 мамырда Ұлы Жеңіспен аяқталды.
Сол кездегі көп ұлтты совет халықтарының ғана емес, адамзаттың болаттай берік бұзылмас бірлігіне сын болған соғыстың жеңіспен аяқталғанына бүгінде 75 жыл толып отыр. Соған қарамастан, сұрапыл соғыс жылдары қалдырып кеткен іздер әлі күнге дейін өшкен жоқ.
Соғыс жылдарында жауынгерлерді рухтандыру үшін әндер шырқалды. Әрбір жауынгердің кеудесінде әндердің парақшалары сақталды. Әсіресе, ол іздер халықтың рухани азығы болған мұралар мен халықтың сол кездерде шыққан әндерінде айқын сақталған.
Қазақстан және Кеңес Одағының композиторларының патриоттық тақырыптағы әндері Ұлы Отан соғысының сол бір қаһарлы жылдары бізден ұзаған сайын тәуелсіздік үшін жасаған халқымыздың ерлігі асқақтай береді.
Қанмен жазылған жыр жолдарының жас ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор екендігі сөзсіз. Сондықтан да, екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдарында туған әндер халқымыздың жүрегінде мәңгі сақтала бермек!

2020 жылы өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы / Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. С.О.Телпекбаева. – Қарағанды, 2019. – 83 б.

Ұсынылып отырған «Өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы» атты библиографиялық әдебиеттер көрсеткішінің кезекті шығарылымы 2020 жылға араналған. Басылым «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламаларын жүзеге асыруына мүмкіндік жасауын мақсат етіп отыр.

Бұл көрсеткішті Н.В.Гоголь атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы 1971 жылдан бастап жыл сайын құрастырып шығарып келеді.

Көрсеткіште облысымыздың тарихындағы, экономикасы мен мәдениетіндегі көрнекті даталарға, белгілі қоғам қайраткерлерінің, Қарағанды облысының дамуына үлкен үлесі қосқан кәсіпорындардың, ұйымдардың, атақты жерлестер мен азаматтарының мерейтойлық даталарына қысқаша анықтама жазылып, әдебиеттердің ұсыныстық тізімі беріледі.

Күнтізбенің мазмұны қоғамдағы адамгершілік және рухани құндылықтарының нығаюына, Отаны мен туған жеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге бағытталған.

Толығырақ...