ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ

Құрметті отандастар!

Құрметті Парламент палаталарының төрағалары, депутаттар, Үкімет мүшелері!

 

Парламенттің кезекті сессиясының жұмысы күрделі кезеңде басталып отыр.

Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда.

Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік.

Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды.   

Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды.   

Дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай шақта бей-жай қалмаған барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздер айрықша табандылықтың және зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер.

Бұл Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі деп санаймын.

Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу.

Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданды.

Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматымыз 42 мың 500 теңге мөлшерінде көмек алды. Бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осындай жәрдем көршілес елдерде, тіпті, басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ.

Миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілді.

Елбасы – «Nur Otan» партиясы төрағасының бастамасымен 550 мыңнан аса отбасы «Біргеміз» қорының қолдауымен бір жолғы қаржылай көмекке ие болды.

Пандемия барлық мемлекеттер үшін сынақ кезеңіне айналды. Олар індетпен күрес жолында көп қиындықты бастан өткеруде. Бір жерде ахуал тұрақтанса, екіншісінде вирустың жаңа ошақтары пайда болуда.

Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді.

Ең бастысы – біз азаматтардан ешнәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жарияладық. Қаншалықты ащы болса да, шындықты айтып отырмыз. Бұл –  кейбір мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның ұтымды тұсы.   

Алайда, ахуалдың жақсаруы  босаңсуға себеп болмауға тиіс. Күрес әлі жалғасуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша пандемияны жеңу үшін кем дегенде 2 жыл қажет. 

Толығырақ...

СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ

 

Құрметті отандастар!

Құрметті депутаттар, үкімет мүшелері!

 

Баршаңызды жаңа парламенттік маусымның басталуымен  құттықтаймын!

Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз.

Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады.

Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды.

Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық.

Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды.

Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, Қазақстандық, яғни  Назарбаев моделі деп атады.

Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр.

Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз.

Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлау алдындағы бағдарламама негіз болды.

Қазір мемлекеттік органдар оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізуде.

Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын.

Толығырақ...

 

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ

 

Құрметті қазақстандықтар!

Біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқардық.

Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік.

Сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргіздік.

Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткіздік.

Біз өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты әрі қалаулы халықаралық серіктес ретінде танылдық.

Толығырақ...

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.

2018 жылғы 10 қаңтар

"Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері"

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді.

Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде.

Біз жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, "Қазақстан-2050" даму стратегиясын қабылдадық.

Алдымызға озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойдық.

100 нақты қадам – Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Оның 60 қадамы қазірдің өзінде орындалып қойды. Қалғандары, негізінен, ұзақ мерзімге арналған және жоспарлы түрде іске асырылуда.  

Өткен жылы Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастау алды.

Индустрияландыру бағдарламасы табысты іске асуда.

"Цифрлық Қазақстан" кешенді бағдарламасы қабылданды.

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары жасалды.

Біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қала береді.

Қажетті бағдарламалардың барлығы бар.

Толығырақ...

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2017 жылғы 31 қаңтар

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»

 

Құрметті қазақстандықтар!

Мен Қазақстан халқына жаңа дәуір қарсаңында сөз арнап отырмын.

Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Біз елімізді мақтан тұтамыз. Табыстарымыз бен жетістіктеріміз туралы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойында атап өттік. Оларды бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды.

2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды.

Биыл Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Мұндай өте маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шараны біз ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткіземіз.

Алматыда Универсиада-2017 спорт ойындары өтіп жатыр.  Оған 57 мемлекеттен 2 мыңнан астам  спортшы мен делегация мүшелері қатысуда.

Осының барлығы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетеді.

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс. Біз осы мақсатқа қарай табандылықпен ілгерілей береміз.

Жаһандық бәсекелестіктің өсуі және әлемдегі тұрақсыздық жағдайында, 2012 жылы халқыма ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиясының өзектілігі арта түседі. Біз қиындықтарды уақтылы болжай алдық.

«Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесінде осынау қиын, жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңінен лайықты өтіп келеміз. Тек 2014-2016 жылдар аралығында біз экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсадық. Мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, 2016 жылы біз ішкі жалпы өнімнің 1% өсімін қамтамасыз еттік. Бұл қазіргі күрделі жағдайда айтарлықтай маңызды.

Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді.

Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз.

Толығырақ...