2021 жылдың 15 маусымында сағат 12.00-де Қарағанды қаласының оқырмандарына арналған дәстүрлі «Жазғы Оқу қаласы» жобасы жұмыс жасауын бастайды.

Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен ашылатын «Жазғы Оқу қаласы» жобасының мақсаты – кітап оқуға деген қоғамның қызығушылығын ынталандыру, жастар мен ересектер қауымын кітап оқуға тарту, балалардың жаз мезгіліндегі бос уақыттарын ұйымдастыру.

Жобаның ашылуы кітапхананы өз оқырманына жақындатуға, қала тұрғындарының кітап оқуына және демалуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Кез-келген адам жазғы оқу залының оқырманы бола алады. Жазғы оқу залының қорында оқырмандарымыздың және кітап дүкендерінің ұсынған көпшілік оқуға арналған мерзімдік басылымдары мен кітаптары бар.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай, «Жазғы Оқу қаласы» жобасы аясында қаламыздағы балалардың жаздағы бос уақытын тиімді, қызықты, танымды өткізуіне арналған «Кітапханадағы жаз» бағдарламасы да осы күні өз жұмысын бастайды.

Жазғы оқу залы Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының алаңында 19 тамызға дейін аптасына екі рет: сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін жұмыс жасайды. Ал «Кітапханадағы жаз» жобасы дүйсенбі, сәрсенбі күндері сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін балалар үшін қызмет етеді.

Жобалар аясында оқырмандар үшін оқуды қолдауға арналған викториналар мен әртүрлі акциялар, танымды сабақтар мен байқаулар, әдеби ойындар мен шеберлік сағаттары өткізіледі.

Аталмыш шаралар арқылы оқырмандарды кітапханаға тартуға, мәдени-демалу мекемесі ретінде кітапхана беделін нығайтуға, кітап оқымайтын және аз оқитын азаматтардың оқуға деген қызығушылығын оятуға қол жеткізе аламыз деген сенімдеміз.