26 сәуір 2017 ж. оқырманы ормандай Қарағанды облыстық Н.В.Гоголь атындағы кітапханасының "Өлкетану" клубы шеңберінде жазушы, публицист, өнертану ғылымында өшпес қолтаңбасын қалдырған ғалым, киногер Камал Сейітжанұлы Смайыловтың 85 жылдық мерейтойына арналған "Қазақтың Камалы" атты ауызша журнал өтті.

Аталмыш шара үш парақтан тұрды: "Өнегеге толы өмір", "Камал Смайылов – публицист", "Камал Смайылов – кинотанушы".

"Жоқтамасаң, іздемесең алтын да жарқырамайды" демекші, қара шаңырақта қазақ халқының бақыты үшін, тағдыры үшін, әдебиеттану ғылымы үшін еңбек еткен әдебиет зерттеушісі, сөз зергері, сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішұлын еске алдық. Ғалымның 90 жылдық мерейтойына арналған шара  "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Туған жер" жобасы және Алаш қозғалысының 100 жылдығы аясында өтті.

"Тұрсынбек Кәкішев мұрасы және рухани жаңғыру идеясы" атты шараға Т.Кәкішұлының шәкірті, кітапханамыздың досы, жанашыры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жандос Смағұлов қатысты.

4 шілде күні жазушы, публицист, аудармашы, эссеист, әдеби сыншы, неміс әдебиетін зерттеуші Г.Бельгердің шығармашылығына арналған «Казахские струны души Гер-аға» атты танымдық кеш өтті.

Кеш тізгінін алған «Видергебурт» неміс орталығы» облыстық бірлестігі жанындағы  Жастар қанаты көшбасшысы Мария Борисеевич оқырмандарды жазушының өмірбаянымен таныстырып, әрі қарай оның шығармашылығына тоқталды.

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 2017 жылдың 20 қазанында Н.В. Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында "Рухани жаңғыру" Бағдарламасының "Рухани қазына" бағыты аясында Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойынаарналған "Арқаның Әсет ақыны" атты монографиялық еңбектің тұсауы кесілген әдеби-шығармашылық кеш өтті.

Әдеби-шығармашылық кешке Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жантас Жақыпов, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы, профессор, филология ғылымдарының докторы Мұхаммадғали Әбдуов, аталған факультеттің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі,  профессор, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, белгілі тарихшы, өлкетанушы Мұқаметқали Баймұқанов, Сәбит Бексейітов, Руслан Нұрбай секілді айтулы ақындар, Н.В.Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының "Жыр-жауһар" поэзия клубының мүшелері және әдебиет пен мәдениетке қызығушылықтары зор жас буын өкілдері қатысып, мәдени шара барысында Құрмаш Ыбышов, Ержан Базарбеков секілді белгілі дәстүрлі ән орындаушылары Әсет әндерін шырқады.

Көптің ойын байытып, сауатын молайтып, білім нәрімен сусындатар кітапханамызда 2017 жылдың 16 қараша күні тағы бір танымдық кеш өтті. Әдеби-шығармашылық кеш ұлтын сүйген, отаншылдық сезімі орасан әдеби шығармашылықтың бар саласында қолтаңбасын қалдырған жерлесіміз Қапан Сатыбалдиннің 100 жылдығына арналды.

Кештің шымылдығын ашқан Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Еркебұлан Мүлікұлы Ағымбаев Қарағанды облысы әкімінің құттықтау хатын оқып, жазушының қызына кестелі шапан жапты.