Наурыз – шат адамдар, жылы жүздер,

Тойлаңдар, ойнаңыздар, күліңіздер.

Шуағын осы күннің бойға жинап,

Жыл бойы мейіріммен жүріңіздер!

Ұлыстың ұлы күні  бар табиғат еміреніп, жан-жануар түлеп, жапан дала жаңғыра бастағанда олармен бірге жасарып, бірге қуанған адамзат баласы да көктемнің ерекше күнін ақ жарқын мерекеге айналдырған. Оны барша ағайын-туыс, алыс-жақын, дос-жаран – айналаның бәрі құшақ жая қарсы алып, төс түйістіріп, қол қусырып, аман-түгел алысып, мәз-мейрам болысқан.

2019 жылдың 18 наурызында Н. В Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өнер туралы әдебиеттер бөлімінде «Наурыз-ұлттық мұра» атты кітап көрмесінің ашылуы өтті.

Көрменің мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, көпшілік қауымға қазақтың төл мейрамы жайлы мағлұмат беру. Сонымен қатар, Наурыз мейрамының шығу тарихына тоқтала отырып, көпшілікке түсінік беру, ұлтжандылыққа, дәстүрлерді қастерлей білуге тәрбиелеу, ұйымшылдыққа, өнерге баулу. Өнер туралы әдебиеттерді насихаттап, қазақтың мәдени мұрасы туралы ақпарат беру.

Тәрбиелік мәні бар бұл кітап көрмесі кітапхана оқырмандарын Ұлыстың ұлы күні қарсаңында кітапхана қорындағы тамаша туындыларымен толығырақ таныстырып өтті.

Кітапханаға келген оқырмандарға Наурыздың басталу нышаны ретінде ыстық бауырсақтар таратылып, дастарханнан шашу шашылды.

Аталмыш көрмеден жыл басы – Наурыз тойын ерекше өткізуді үйреніп, халқымыздың салт-дәстүрі, шежіресі жайлы қысқа да нұсқа, құнды мағлұматтар алуға болады.