Танысуға асығыңыздар!

Өнер туралы әдебиеттер бөлiмінің кітаптар қоры Ерсайын Тәпеновтің "Өнер белестері" атты жаңа кiтабымен толықты!

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Павлодар облыстық Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының бас режиссері Ерсайын Тәпеновтің  театр өнерін дамытудағы еңбегі ерекше. Халыққа кең танымал өмір жолын Семей театрында бастаған Е. Тәпенов, Торғай, Қарағанды облыстарындағы қазақ драма театрларының еңсесін көтеріп, шаңырағын биіктетуге үлкен үлес қосты.

Бұл кітапта өнер қайраткерінің аталған театрлардағы және Павлодар облысындағы қазақ театрының қайта жаңғыруына қосқан үлесі, өнер ұжымының өсіп-қалыптасуы, өркендеуі, өрлеуі жөнінде кең деректер, ақпараттар берілді.

Кітап қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Кітаптың алғашқы беттерінде Павлодар қазақ театрының соғыс жылдарындағы кезеңін "Тарих белесінде" деп қарастырса, келесі бетте режиссердің замандастары мен әріптестерінің ізгі тілектері жазылған.

Кітаптың келесі бөлімдерінде "Мен өнерді өмірден үйрендім" - деген атаумен бас режиссер өз өмір жолымен кеңірек таныстырып өтеді.  

Одан кейінгі бөлімдерде республикамыздың басқа да қалаларындағы қазақ драма театрлары жайлы жан-жақты мағлұматтар берілген.

Назарларыңызға ұсынылып отырған кітап жоғары және орта музыкалық оқу орындарының студенттеріне, жалпы өнерсүйер қауымға арналады.

Өнер туралы әдебиеттер бөлiмi сiздердi асыға күтедi!