Құрметті оқырман, ғажайып өнер иесінің сырлы тағдыры мен шығармашылығынан сыр шертетін көрмені көруге асығыңыздар!

Театр дайын драматургияны қойып беру емес,

ондағы оқиғалардың неге олай болғаны жайында ойлану.

Тадаси Судзики

Қазақ театрының даму белестерінде тарихи пьесалардың алатын орны бөлек. Ұлттық драматургиядағы тарихи тақырыпқа жазылған шығармалардың дені қазақ халқының ұлы перзенттерінің өміріне, солардың басынан кешкен тарихи құбылыстары мен олар өмір сүрген ортаны суреттеуге арналған. Өткендегі тарихи болмыс сол ұлы адамдардың өмірін бейнелеу үстінде ашылады. Солардың ішінде көркемдік сапасы жоғары әрі театр репертуарында ұзағырақ тұрақтап, сахнаға жиірек қойылған спектакль деп: М. Әуезов пен Л. Соболевтің "Абай" трагедиясын алуымызға болады. Спектакльдегі басты рөлді сомдаушының бірі - Бикен Ырымқызы.

Биыл қазақ халқының аяулы қызы, асыл қазынасы, мақтанышы, біртуар актрисасы, Қазақ КСР-інің халық әртісі Римова Бикен Ырымқызының туғанына 80 жыл. Заманынан ерте туған, өз қатарынан озық болған ел еркесі артына өлмес мұра қалдырды. Өзінің шығармашылық жолын М. Әуезовтың "Еңлік-Кебек" қойылымындағы басты кейіпкер Еңлік рөлін сомдаудан бастаған. Оның тұңғыш ойнаған рөлі – Ғ. Мүсіреповтің "Ақан сері - Ақтоқты" трагедиясындағы  Мәрзия рөлі. Актриса кезінде Сәуле (Ә. Әбішев, "Достық пен махаббат", "Күншілдік"), Фарида (Ә. Тәжібаев, "Жалғыз ағаш орман емес"), Қамаш (М. Иманжанов, "Менің махаббатым"), Ғайни (Т. Ахтанов, "Күтпеген кездесу"), Н. Гогольдің "Ревизорында" Пошлепкина т.б. рөлдерді орындап, қазақ сахнасында замандастар образын жасауға елеулі үлес қосты. Бүгінде Б. Римова атындағы драма театр Талдықорған қаласының тұңғыш театры.

Осыған орай, өнер туралы әдебиеттер бөлімі "Шоқтығы биік театр өнері" атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге Бикен Римова жайлы еңбектер мен мерзімді басылымдар беттеріне шыққан мақалалар, өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар ұсынылды.

Көрмеден Бикен Римованың сомдаған рөлдерінен көрініс беретін "Қазақ театрының тарихы", Қуанбек Бокаевтың "Өнерлі өрге жүзер", Меруерт Жақсылықованың "Қазақ кәсіби актерлік өнерінің даму ерекшеліктері", Маман Байсеркеновтің "Сахна және актер" сонымен қатар Б. Құндақбаевтың "Путь театра", Н. Шаукенбаеваның "Актерское мастерство" кітаптары мен "Қазақстан" энциклопедиясымен таныса аласыздар. Аты аталған әдебиеттерде тағдырын театрмен байланыстыра білген сахна саңлағы, жастардың "Қобыландының қарындасы" деп атап кеткен өжет қыздың өмір жолындағы күресі және шығармашылығымен кеңінен жазылып баяндалған. Көрменің басты мақсаты – оқырмандарға театр ұғымын насихаттай отырып, киелі өнерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру.

Қазақ мәдениеті мен өнерінде есімі ерекше аталатын дара тұлға Бикен Римованың өмірімен таныс болыңыздар! Келіңіздер, оқыңыздар!

Өнер туралы әдебиеттер бөлімі өздеріңізге төмендегідей әдебиеттер тізімін ұсынады:

Қожахметова, М.  Әлем-әуен [Мәтін] : увертюра, портреттер, эсселер / М. Қожахметова. - Алматы : Өнер, 1983. - 192 б. - (мұқ.) : 0.80 с.

Рамазанова, Б.  Елім деп соққан жүректері [Мәтін] / Б. Рамазанова. - Алматы : [Б.ж.], 2007. - 240 б.

Римова Бикен: Өмір белестері (Эссе); Ақ сандықты ашқанда (Бикен апа туралы естеліктер) [Мәтін]. - Алматы : Арыс, 2003. - 264 б.

Фарида Шәріпова [Мәтін] / ред. Е. Ералы, П. Жеменейқызы. - Алматы: Өнер, 2006. - 200 б.

Толығырақ мағлұматтарды алу үшін кітапханамыздың karlib.kz сайтынан біле аласыздар.