Қазақ атты қасиетті де киелі халықтың қарапайым қызы Әмина апайдың жүріп өткен өмір жолы – ұлағатты да ұлық, орамды да орайлы нұрлы жол.

Асанәлі Әшімов

Құрметті өнерсүйер оқырман!

Өнер туралы әдебиеттер бөлімінің құнды мұрасына айналған, еліміздің мәдени өмірінде елеулі орны бар өнер қайраткері туралы оқырман қауымға жеткізудің сәті түсіп тұр. Наргиз Асанжанованың «Халық перзенті» атты сериясымен жарық көрген  Қазақ КСР-інің халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Отан, Еңбек Қызыл ту ордендерінің иегері, аса көрнекті актриса Әмина Өмірзақованың өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған туындысының айтары көп.      

Фотоальбомдағы театр және кино мұрағаттарынан, актрисаның өзінің отбасылық мұрағаты мен ұрпақтарынан жинақталып, сұрыпталып алынған фотосуреттерден майталман шебердің өміріндегі айтулы тарихи сәттері, белгі-кезеңдері айқын көрініс тапқан.      

Әмина Өмірзақова 1919 жылы 8 наурызда Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысының Абай ауданында дүниеге келген. 1938 жылы Ленинград қаласындағы Театр институтын бітіріп, өнердегі алғашқы жолын Шымкент облыстық драма театрынан бастаған. Ә. Өмірзақова қазақ театр сахнасында 68 жыл бойы қызмет етті. Ол сол уақыт ішінде 150-дей рөл сомдаған. Оның кино саласына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Ол түскен 20-шақты кинофильм қазақ жұртына кеңінен таныс.

Сахна және кино өнерінің аяулы перзенттерінің бірі – Әмина Ерғожақызы Өмірзақова қазақ өнерінде өшпейтін бейнелер мен қайталанбас характерлердің тұтас галереясын жасаған актриса.

Бұл фотоальбом қазақ халқының өнер перзенттерін қастерлеп, қадір тұтатын әрбір зерделі жан үшін қымбат қазына бола беретіндігі ақиқат. Оқуға жеңіл, тілі тартымды шығармада актриса өміріндегі қадау-қадау айшықты оқиғалар хронологиялық ретпен емес, оқиғалық қисынымен баяндалады. Өнерде қалдырған мол мұрасы бар сахнаның көркіне айналған Ә. Өмірзақованың ізгілікті ойлары, сұхбаттары, сомдаған рөлдері, оқыған монологтары, сағынышты хаттары жайлы сыр шертіледі.

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр қайраткері – Ә. Өмірзақованың туғанына биыл 100 жыл толуына орай, атаулы дата ЮНЕСКО көлемінде тойланатын болды.

Қазақ мәдениеті мен өнерінде есімі ерекше аталатын дара дарын иесі Әмина Өмірзақованың өмірімен таныс болыңыздар!

Әмина Өмірзақова: Фотоальбом. – Алматы: «Өнер» баспасы, 2013. – 240 бет