Құрметті оқырман, сахна саңлағының сырлы тағдыры мен шығармашылығынан сыр шертетін көрмені тамашалауға асығыңыздар!

 

Театр – көрерменнің тіпті түсінде көрмеген не армандамаған ойларының орындалатын орны.

 Петер Цадек

Райымбек Сейтметов...

Бұл есім киелі шаһар Түркістан үшін аса қадірлі де қастерлі. Түркістан перзенті, қазақ театр өнерінің майталманы, актер, режиссер, театр және кино актері, Қазақстанның халық артисі Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметовтің туғанына бүгінде 80 жыл толып отыр.

Тақыр жерден театр құрып, Түркістанға үлкен мәдениет әкелген тарлан талант. Түркістанның 1500 жылдығы қарсаңында дүрілдетіп небір көркем дүниелерді сахналап еді.Өзінің өнер мектебін ашып, ізін қалдырды. Артымда із қалдырсам, халқыма пайдалы дүние берсем деп саналы түрде туған жерге оралды.

Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов – 1938 жылы 2-наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында дүниеге келген. Актер, режиссер, педагог, Қазақстанның халық артисі. 1959 жылы Алматы өнер институтын бітірген. 1970-71 жылдары Мәскеу қаласындағы театр өнері институты жанындағы Жоғарғы режиссерлер курсында оқыды. 1959-60 жылдары "Қазақфильм" киностудиясында, 1960-80 жылдары Қазақ академиялық драма театрында актер, 1976-80ж. Осы театрдың директоры болды. 1980-82 жылдары Қазақстан Мәдениет министрлігінде басқарма бастығы, 1982-1995 жылдан қазіргі қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі болды.  Сахналық өнер жолын актер болудан бастады. Ол Әубәкір (Қ. Байсейітов пен Қ. Шаңғытбаевтың "Беу, қыздар - айында),  Қозы (Ғ. Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш – Баян сұлуында"), Шоқан (С. Мұқановтың "Шоқан Уәлихановында"), Кочкарев  (Н.В. Гогольдің "Үйленуінде"), т.б. рольдерді орындады. Сейтметов режиссер ретінде Б. Майлиннің "Неке қияр" , О. Бодықовтың "Дала тұтқыны", Ә. Таразидің "Жолы болғыш жігіт", С. Ахмадтың "Келіндер көтерілісі", А. Пиранделлоның "Өгей қыз" т. б. көптеген спектакльдер қойды. 1974 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығы берілді.

Осыған орай, өнер туралы әдебиеттер бөлімі "Шоқтығы биік театр өнері" атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов жайлы еңбектер мен мерзімді басылымдар беттеріне шыққан мақалалар, өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар ұсынылды. Көрмеден Райымбек Ноғайбайұлының сомдаған рөлдерінен көрініс беретін "Қазақ театрының тарихы", Қуанбек Бокаевтың "Өнерлі өрге жүзер", Әшірбек Сығайдың "Таңғажайып театр", Меруерт Жақсылықованың "Қазақ кәсіби актерлік өнерінің даму ерекшеліктері", Маман Байсеркеновтің "Сахна және актер" сонымен қатар Б. Құндақбаевтың "Путь театра", Н. Шаукенбаеваның "Актерское мастерство" кітаптары мен "Қазақстан" энциклопедиясымен таныса аласыздар. Аты аталған әдебиеттерде тағдырын театрмен байланыстыра білген сахна саңлағының өмір жолындағы күресі және шығармашылығымен кеңінен жазылып баяндалған.    

Көрменің басты мақсаты – оқырмандарға театр ұғымын насихаттай отырып, киелі өнерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру.

Қазақ мәдениеті мен қазақ өнерінде есімі ерекше аталатын дара тұлға Райымбек Ноғайбайұлының өмірімен таныс болыңыздар! Келіңіздер, оқыңыздар!

Өнер туралы әдебиеттер бөлімі өздеріңізге төмендегідей әдебиеттер тізімін ұсынады:

  • Құндақбайұлы, Б.  Заман және театр [Мәтін] / Б. Құндақбайұлы. - Алматы : Өнер, 2001. - 520 б. - (Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл).
  • Сығай, Ә.  Сахна саңлақтары [Мәтін] / Ә. Сығай. - Алматы : Жалын, 1998. - 510 б.
  • Қыстаубаев, Т. Ұстаз тағылымы: Райымбек Сейітметов туралы бір үзік сыр / Т. Қыстаубаев // Жалын. - 2013. - №3. - 63-69 б.
    Исахов, О. Өнеге әліппесі / О. Исахов // Егемен Қазақстан. - 2015. - 24 қазан. - 5 б.

Толығырақ мағлұматтарды алу үшін кітапханамыздың karlib.kz сайтынан біле аласыздар.