Жаз уақыты басталды. Демалыс, теңіз, саяхат, саяжай. Көп адам жазғы уақытын әрине, алдын-ала жоспарлап, керемет өткізуге тырысады. Осы орайда, біздің кітапхана осы демалыстың барлық түрін кітап арқылы ұсына алады. Сондықтан жылдағы дәстүрмен 6 маусымда қаламыздың тұрғындарына «Жазғы оқу қаласы» жобасын ресми ашып, өз оқырмандарымызды қуанттық. Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Кітапханадағы жаз» және «Жазғы оқу қаласы» бағдарламасының салтанатты ашылуы өтті. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға биыл ерекше мән беріледі, өйткені 2022 жыл Қазақстанда балалар жылы деп жарияланды.

Дәстүр бойынша, 2014 жылдан бастап біздің кітапхана балалардың жазғы демалысын ертегілер әлеміне, алыс ғаламшар мен әсерлі табиғатқа, зияткерлер және ойын-сауық әлеміне қызықты саяхатқа айналдырады.

Кітап оқуға деген қоғамның қызығушылығын арттыру, жастар мен ересектер қауымын кітап оқуға ынталандыру және балалардың жаз мезгіліндегі бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруды мақсат еткен бұл шаралар көптеген достарымыздың басын қосты.

Акцияның жүргізушілері: оқу залдары бөлімінің басшысы Эльмира Каратаевна және кішкентай, тәжірибесі бар жүргізушісі - Аяулым Мағжанқызы кешті қызықты жүргізді. Көптеген жылдар бойы кітапхананың тұрақты оқырманы болып жүрген қарағандылық балалар сазгері Поверникова Татьяна Дмитриевна жүрек жарды лебізін білдірсе, ең кішкентай қатысушымыз Самат Еркежан өлең оқып, мектеп оқушылары: Айғаным Жапар, Алуа Қанатқызы, Алина Поверникова балалар әндерін орындап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ал жазғы алаңдарда ересектер мен балалар ұлттық асық, «Зейінді бол», шахмат ойындарын ойнап, «Аппликация жасау», «Оригами жасау» шеберлік сағаттарына қатысып, әдеби викториналық сұрақтарға жауап беріп сыйлықтарға қол жеткізе алды. Ағылшын тілін ойын арқылы үйрену, «Книголандия патшалығы» алаңының басты кейіпкерлері Патша мен Патшайым балаларды қызықты алаңдарға саяхаттауға шақырды, тегін кітап алып қайту – қатысушыларға ерекше әсер етті.

Сонымен, жаз бойына қаламыздың кез-келген тұрғыны аптасына екі рет: сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін «Жазғы оқу қаласының» оқырманы бола алу әрі кітапхана қорына өз кітабын сыйлау мүмкіндігіне ие бола алды.

Ал кішкентай достарымыз бізбен бірге «Кітапханадағы жаз» бағдарламасына дүйсенбі, сәрсенбі күндері сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін қатысып, қызықты қазақ тілі мен ағылшын тілін ойындар мен ертегілер арқылы меңгеру, актерлік шеберлікке дағдылану, түрлі танымдық сабақтар, шеберлік сағаттар арқылы шығармашылықтарын дамытып, жазды қызықты өткізе алады.

«Кітапханадағы жаз» бағдарламасы 15 тамызға дейін, ал «Жазғы Оқу қаласы» 25 тамызға дейін жұмыс істейді.

Келіңіздер! Кітаппен, кітапханамен жаз қызықты!

Ай кітабы