Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында 24 ақпан күні Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қабырғасында, Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп «Қазақ халқының рухани көсемі» атты дөңгелек үстел өтті.

Мақсаты – қазақ халқының әлеуметтік, саяси, мәдени , тарихи өмірінде орны айрықша зор тұлға - Ахмет Байтұрсынұлының халықтық тәлім-тәрбиелік ойларының негізінде оқырмандар бойына адамгершілік, ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту; ақын, қоғам қайраткері, педагог-ұстаздың құнды мұраларын дәріптеп, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу.

Аталмыш іс-шараға Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-дің Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, магистр Смағұлов Нұртас Бірлікұлы, Қарағанды облысы ҚХА «Жастар» қанатының жастары және «Мәміле» клубының мүшелері қатысты.

Нұртас Бірлікұлы А.Байтұрсынұлының тұлғалық болмысын, қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор ретіндегі бірегейлігін ерекше атап өтті. А.Байтұрсынұлының түрлі мемлекеттік қызметке ат салыса жүріп, сонымен бір мезгілде атқарған оқытушылық-ұстаздық жұмысының мән-маңызы жайлы баяндап берді.

«Әлем саясатынан хабардар болған ұлы ұстаз, қазақ мемлекеттілігінің сақталып қалуына көп күш салған. Көптеген ұлт тіл мен жерінен айырылып жатқанда, ұлт ұстазы өз туған халқының жерін, өз уысында ұстап қала алды. Өйткені жері мен тілі бар ұлт қана – ұлт ретінде сақтала алады»,- деп ойын қызықты әрі танымды жеткізді. Қатысушылар Нұртас Бірлікұлын ерекше ынтамен тыңдап, Ахаң тұлғасының асқақтығына тағы бір мәрте көз жеткізді.

Дөңгелек үстел барысында Жоғарғы гуманитарлық колледжінің «Қыздар-ай»  студенттер  ансамблі арда тұлғаның «Аққұм» әнін әсерлі орындап шықты. Сондай-ақ, Қазақстан Халқы Ассамблеясынан келген өзге ұлт өкілдерінің жастары - Марченко Карина,  Артем Ким, Мухамеджанова Лейла мен Гудков Трофим Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін оқыды.

Дөңгелек үстел соңында «Қазақ халқының рухани көсемі» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, оқырмандарға «Бір ел – бір кітап – 2022» республикалық акциясы аясында Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары, өлеңдері мен қанатты сөздерінің жинағы ұсынылды. Сонымен қатар, қатысушылар кездесуден алған әсерлерімен, ой-пікірлерімен бөлісті.

Кітапхана қызметкерлері қатысушыларға алғысын білдіріп, кітапхананың өзге де қызметтері туралы ақпарат беріп, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы аясында жоспарланған іс-шаралармен таныстырды.

Ай кітабы