17 ақпан күні «Парасат жолы» орталығында Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультетінің аға оқытушысы Жұмагелді Жанайдар Шаймерденұлымен кездесу өтті.

Қонағымыздың «Парасаттылық – адам бойындағы туа біткен мінез бен бара-бара пайда болатын мінездің әдемі тоғысуынан қалыптасатын қасиет. Парасатты адамның тәрбиеленуі балалық шақта тұлғалық өсуінен басталады» деген ойы тәрбие мен мінез-құлықтың адамның негізгі бет алысын сипаттайтын қасиет екенін тағы бір айқындады.

Жанайдар Шаймерденұлы жастарға қазақи салт-дәстүрдің мән-мағынасына, қазақтың тарихына ерекше ықыласпен қарауға үндейді. «Тарих –біздің жүріп өткен жолымыз, болашаққа дұрыс бағдарды нұсқайтын арнамыз» - дейді ол. Әлем әдебиетінің тарихынан дәріс беретін Жанайдар мырза Дантенің «Божественная комедия» атты шығармасын мысалға алып, автордың «тозақ – өткен өмір, барзақ әлемі – қазіргі сәт, жұмақ – болашақ» деген ойымен параллель жүргізіп, әр адам таңдау жасаған сайын осы үш сатыдан өткендей болады деп ойын жалғастырады.

Сондай-ақ қонағымыздың  тіл мәселесіне көзқарасы да қызықты болды: қазақ тілінің тиісті мәртебеде болуы уақыттың еншісінде, бұл орайда үзілді-кесілді шаралар қолданудың еш пайдасы болмайды деген пікір білдірді.

Кездесу барысында қазіргі қазақ әдебиетінің даму деңгейі туралы да сөз қозғалды. ХХ ғасырдың 1-жартысы қазақ әдебиетінің алтын дәуірі деп алсақ, қазіргі қазақ әдебиеті сапа жағынан оң сипатта дамуда, яғни жанрлық түрлілігі де, көркемдігі де көңілге жылу ұялатады.

Оқырман қауым осы кездесуге байланысты келесідей пікірлерін білдірді:

-  Жанайдар мырзаның пікіріне қосыламын, тәрбие бесіктен басталады дегендей, парасаттылық қасиеті дұрыс тәлім-тәрбиеге, саналыққа байланысты. Осындай игі істер көп болсын!

-         Сұхбат тамаша болды, кітапхана қызметкерлеріне рахмет! Осындай форматта пайдалы ақпараттар сіңімді болады екен.

«Адалдық алаңында» айтылған ойлар жастарға азық боларына сенімдіміз.

Ай кітабы