(Зейіпхан Ермұрат) - талантты ақын, композитор, әнші, көп қырлы талант иесі Ермұрат Зейіпхан 1966 жылы 15 маусымда Қытай Халық республикасындағы Шыңжаң өлкесі, Іле аймағы, Күнес ауданында дүниеге келген. Орта мектепті, өнер институтын сонда тамамдап, 1991 жылы қазан айында Қазақстанға оралған.

Алғашқы прозалық шығармасы 1999 жылы "Сыбызғы сарыны" деген атпен жарық көрген. 2002 жылы "Өзіне арнадым" деген атпен поэзия кітабы шыққан. Республикалық газет-журналдарда шығармалары үзбей жарияланған. «Үш бурыл», «Бұ дүние» сияқты кітаптары оқырман қауымның лайықты бағасын алған.

«Жұлдыз» журналы ұйымдастырған Артығали Ыбыраев атындағы жыр мүшәйрасында жүлдеге ие болған.

Қазақстандағы алғаш өнер жолын Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын тәмәмдаған соң Абай атындағы опера және балет театрынан бастаған. «Қыз Жібек» спектаклінде Бекежан, «Абай» операсында Көкбай рөлін сомдаған. 1997-2000 жж. М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрындағы «Қарагөз» спектаклінде Асан салдың, «Әли және қырық қарақшыда» Хасанның, «Қилы заманда» хабаршының рөлін сомдаған.

2000 жылдан бері Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблінде фольклор-этнография тобының көркемдік жетекшісі болып қызмет істеген. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өнер орталығының жетекшісі де болған.

Халық ықыласына бөленген, сағымды сағынышқа толы, жанды тебірентіп, рухты оятатын нағыз патриоттық ән, әйгілі «Көк тудың желбірегені», «Күнес-ай», «Екі дүниеде жалғызым» әндерінің авторы саналады.

Бұл өмiрден озбақтың озды бәрi,

Озғандардың -

Қалғандар көз-құлағы.

Жалаң қылыш, жалаң төс бабалардың,

Өрлiгi ұрпақ қанын қоздырады –

деп жырлаған, аз ғана ғұмыр жасағанымен артына өнегелі өлеңдерін қалдырған сегіз қырлы, бір сырлы азамат, ерекше дарын иесі 45 жасында 2011 жылы 21 маусымда Қытай еліне емделуге барып, Үрімжі қаласында ота үстінде қайтыс болды. Артында қалған екі баласы бар.

Шығармалары:

  • 1) Зейіпхан Е. Таста да бар тіршілік, мүктенеді.../ Е.Зейіпхан // Қазақ әдебиеті. – 2001. – 9 қараша (№45). – 9 б.
  • 2) Зейіпхан Е. Күнесім менің, көз жасым менің / Е.Зейіпхан // Қазақ әдебиеті. – 2002. – 30 тамыз(№35). – 10 б.
  • 3) Зейіпхан Е. «Бұла көңіл тізгінін бұрар мұңға»: өлең / Е.Зейіпхан // Жас алаш. – 2003. – 13 желтоқсан. – 7 б.
  • 4) Зейіпхан Е. Бұлттардағы жазу: проза / Е.Зейіпхан // Жалын. – 2004. - №3. – 43-46 б.
  • 5) Зейіпхан Е. Қаймақты қарасу: проза / Е.Зейіпхан // Жалын. – 2004. - №3. – 45-46 б.
  • 6) Зейіпхан Е. Қара қыз және қара өлең: поэзия / Е.Зейіпхан // Жас алаш. – 2004. – 25 желтоқсан. – 11 б.
  • 7) Зейіпхан Е. Таңжарықтың өмірінен екі әңгіме: проза / Е.Зейіпхан // Қазақ әдебиеті. – 2003. – 7 қараша. – 12-13 б.

Ол туралы:

  • 1) Зейіпхан Ермұрат // Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық / бас сарапшы Б.Әбдіғалиев. – Алматы, 2005. – 243 б.
  • 2) Зейіпхан Ермұрат // Қазақстан жазушылары: XX ғасыр. Анықтамалық. – Алматы: Ана тілі, 2004. – 143 б.
  • 3) Қазақстан жазушылары: Анықтамалық / Құрастырушы: Қамшыгер Саят, Жұмашева Қайырниса. - Алматы: "Аң арыс" баспасы, 2009.
  • 4) Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.