Білімге ұмтылған оқырманның табылар жері – кітапхана екені бәрімізге аян. Осыған орай, бүгін кітапханамыздың өлкетану әдебиеттері бөлімі жанынан құрылған «Ой-орда» пікірлесу клубының ашылу салтанаты өтті.
Білім іздеген жастар арасынан сапалы орта құрып, туған өлке туралы білімді терең меңгертуді, дамытуды, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды және клуб мүшелерінің мәдени интеллектуалдық деңгейін жан-жақты дамытуға бағытталған ғылыми-әдеби, мәдени шаралар ұйымдастыруды мақсат еткен клубтың алғашқы отырысы ақын, Елін сүйген ерлер партиясының негізін қалаушысы Бүркіт Ысқақұлының 100 жылдығына арналды.
«Елін сүйген ердің ізі» атты танымдық кездесуде Б. Ысқақұлының еңбегі мен шығармашылығы туралы Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ-нің тарих факультетінің аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Жағыпар Әділет Бауыржанұлы кеңінен әңгімелеп берді.
Іс-шара барысында өлкетанулық «Ой ширату», «Бүркіт Ысқақовты қанша лықты білеміз» викторинасы және Б. Ысқақтың «Ағаның ақылы» атты пьесасын оқып, автордың оқырманға айтайын деген ойын ортаға салды. Кітап көрмесіне әдеби шолу жасалды.
Клуб мүшелігіне еріктілер қабылданды және оларға арнайы даярланған белгіше таратылды. Келесі отырыстардың жоспары талқыланып, бекітілді.
Кездесу барысында жастар өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын қойып, оған тұшымды жауап алып, әсерлі әңгіме тыңдап, өздерінің ізгі тілектерін білдірді.
Жастардың өз бетімен ізденуге, білім алу және жалпы шығармашылық белсенділігін арттыруға көзделген клубтың ғұмыры ұзағынан болсын демекпіз. Осындай кітапхана пайдаланушыларын қызықтырар игі бастамаға Ақ жол!