"Жусан иісті дара талант"

Қазақстанда 2007 жылдан бері «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы өткізіліп келеді. Бұл шараның ерекшелігі, бір автордың бір кітабы немесе белгілі бір мазмұнды шығармасы таңдап алынып, ол бір жыл бойы ел ішіндегі миллиондаған оқырман назарына ұсынылады. Биылғы 2014 жылы жаппай оқуға С.Мұратбековтің «Жусан иісі» және «Басында Үшқараның» атты туындылары таңдалынған болатын. Н.В.Гоголь атындағы ОӘҒК Кітапханаларды дамыту бөлімі сіздерге осы шығармаларды насихаттауда көмек ретінде қысқаша шолу, викторина, әдебиеттер тізімін және толықмәтінді мақалаларды ұсынып отыр.

Қазақ әдебиетінің алтын кезеңі десе, есімізге өткен ғасырдың 60-жылдары түседі. Біз ол жылдар туралы тек қаламгерлер естеліктері мен әдебиет оқулықтары арқылы ғана таныспыз. Сол жылдары қазақ әдебиетінің көшіне ілескен бір топ жас таланттар әдебиет дейтін көркем әлемге тосын жаңалықтар алып келген еді. Сол шоғырдың бел ортасында қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік, шын талантымен шырқау көкке көтерілген Сайын Мұратбеков те бар болатын.

С.Мұратбеков 1936 жылы 15-ші қазанда Алматы облысының Қапал ауданындағы Қоңыр ауылында туған. Көркемсөз өрнегі ерекше, сұлу сөз иесі, сүйкiмдi шығармалар жазған халық жазушысы Сайынды жастайынан атасы Мұратбек бауырына салып, тәрбиелеген. Өз әкесі Сапарғали Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Сайын Мұратбеков те бар балалық балауса кезі – Ұлы Отан соғысының отты жылдарына тап келіп, тар кездегі тағдырдың татымсыз талқанын ерте татқан буынның өкілі. Сайын Мұратбеков есімі көзі тірісінде-ақ атақты жазушылар қатарында болды, кітаптары мол етіп басылды. Туысқан орыс тілі арқылы басқа тілдерге аударылып қазақ жазушысының шығармаларын басқа елдердің оқырмандары оқып білді. Сол арқылы қазақ халқының салт-дәстүрі, тыныс-тіршілігімен танысты.

С. Мұратбековтің барлық шығармашылық мұрасы отыздан астам көркем әңгіме мен бірнеше повестен тұрады. Сол шығармалардың толық нұсқаларын сіздер Қазақстанның Әдебиет порталы мен ikitap.kz ашық кітапханасы сайттарынан тауып оқи аласыздар. Көлемі тұрғысынан небары үш томдай ғана болатын осы еңбектеріне қаламгер өзінің барлық өмірлік мұраты мен суреткерлік ой-арманын сыйғыза білді. Әдебиет дейтін әлемнің көшіне маржандай шығармаларымен ілесіп, қазақ оқырманына қарапайым қазақы болмысты көрсетіп, қазақтың табиғилығын танытып кетті.

Жазушы өмір сүрген дәуір өзінің әлеуметтік сипаты жағынан біртекті, таптық сипаты жойылған, қалың көпшілікке арнап теңдік орнаған заман еді.

Әр адам өз уақытының жемісі болатыны сияқты жазушы да өз уақытының бел баласы. Өзі өмір сүрген ортаның суретшісі. Сол ортадан қалыптасып шығып, өз заманының оқиғаларын, балалық, жастық кездегі бастан кешкенін бейнелейді. С.Мұратбеков шығармашылығы туралы сөз еткенде де оның әңгімелерін, повестерін кеңестік уақыттың шындығымен байланыстырамыз.

Сайын Мұратбеков көзі тірі кезінде классик атанып, көп оқылған қаламгер. Оның шығармаларына деген оқырман ықыласы бүгін де суыған жоқ. Қазіргі жастар да жазушының кітаптарын сүйіп оқиды деген ниеттеміз.

Жоғарыда айтып кеткендей, жылдағы дәстүр бойынша «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» және «Басында Үшқараның...» атты кітаптары таңдалды. Оның шығармашылығының негізгі тақырыптары – ауыл өмірі. Ауыл өмірі дегенде С.Мұратбеков әңгімелеріндегі кейіпкерлер өмірден артта қалған, немесе қалаға кете алмай ауылда тұрып жатқан адамдар емес. Олар өз туған жерін шексіз сүйетін, отаншыл, туған жер байлығын көтере түсу үшін еңбек еткен адамдар. Оның шығармаларының басты кейіпкерлері – ауылда туып-өскен, даладай дархан, жомарт мінезді, кішіпейіл, ақжарқын жандар.

«Алыста қалған балалық шағым... Ойымнан жарғақ тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін, шілбиген арық, ақсақ қара бала бір кетпейді», деп басталады «Жусан иісі» атты повесі. «Жусан иісі» әңгімесін оқыған сайын, әуелі есімізге жусанның иісі оралады. Жусанның иісі ауылда өскен, ауылдың қара топырағын иіскеп өскен әр баланың есіне оралады. Шығарма сюжеті Аян атты жасөспірім баланың өмірінің белгілі бір кезеңінде болған оқиғаларға негізделеді. Әрі қарай мақаланың толық нұсқасын Қазақ әдебиеті газетінің 2006 жылғы №13 (№3 қосымшасынан) санынан оқи аласыздар.

«Басында Үшқараның...» - С.Мұратбеков шығармашылығының шыңы. Осы әңгімеде жазушы таланты бар қырынан ашылып, шарықтайды. Тағы да сюжетсіз әңгіме. Бірақ сөз құдіретіне арбалып оқи бергіңіз келеді деп жазды өз мақаласында Смағұл Елубай. Ол мақаланы Қазақ әдебиеті газетінің 2006 жылғы №41 санынан оқуға болады. Ал Айнара Ашанова «...Басында Үшқараның» Сайын творчествосындағы адам жанының диалектикасын ішкі сезім драматизмі арқылы ашудағы ерекше дүниесі. Бұл әңгіме арада ұзақ жылдардан соң кешегі өзі өскен, балалық шағы өткен туған ауылына сағынышпен оралғандардың басындағы қайталанбас көңіл күй туралы психологиялық элегия дер едік депті өз мақаласында. Міне, осындай С.Мұратбеков жайлы әріптестерінің жылы –жылы пікірлерін, қаламдас, қанаттас достарының айтқан естелігі, шерткен сырларын оқып білгілеріңіз келсе, Сіздерге Айқын газетінің №44 санындағы «Шағын жанрды шығармаға сыйдырған талант» атты мақаланы, Жұлдыз журналының 2010 жылғы №11 санында жарияланған К.Рақымжановтың мақаласын, сондай-ақ Қазақ әдебиеті газетінің 2006 жылы шыққан (№ 31,  41) сандарын, Жалын журналының 2010 жылғы  №4 санынан "Әдебиет - оның өмірі" атты мақаланы оқуды ұсынамыз. Бұл мақалаларды оқығанда, сіздер, неліктен жазушы барлық шығармаларында ауыл өмірі туралы жазғанын түсінесіздер. Өздеріңізді мазалаған көптеген сұрақтарға жауап табасыздар деген ниеттемін. Бұл мақалалардан жанға рухани азық алуға болады. Және де, осы мақалаларды тілге тиек ете отырып «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында өткізілетін іс-шараларға пайдалана аласыздар.

С.Мұратбековтің «Жусан иісі» және «Басында Үшқараның» атты шығармаларын насихаттау барысында әртүрлі жаңа форматта көпшілік іс-шаралар, флеш-моб, библиодесант, автобус ішінде жолаушыларды кітап оқуға тарту үшін «С.Мұратбековты оқимыз», «Оқуға 30 минутыңды арна» сияқты акциялар өткізуге, кітап көрмелерін ұйымдастыруға болады. Мысалы: Буктрейлер, Әдебеиеттік вернисаж, Кітап кеші сияқты көпшілік іс-шаралар, Диалог-көрме, Кеңес-көрме, Жедел-көрме, Дыбыстық-көрме т.б. көрмелер қоюға болады. Біз сіздерге солардың бірқатар үлгілерін ұсынуды жөн көрдік. Ал ол іс-шараларды ұйымдастырып өткізу әр кітапханашының білімділігіне, біліктілігіне, қиялының жүйріктігіне байланысты.

Бір кітапқа арналған көрме

  • Бұл көрмені ұйымдастыруда ең негізгісі – бұл баршаға белгілі кітап болса да, лайықты кітапты тауып алу. Бір кітапқа арналған осы көрменің мағынасын ашудың үлгілері төмендегідей:
  • -    әр түрлі баспадан және қайта басылған кітап,
  • -    туындының тарихы, тұлғалардың прототипі,
  • -    кітаптың тағдыры, шығарманың экранға түсірілуі,
  • -    осы шығарма жайлы әдеби сын,
  • -    кітаптың басқа авторлар жазған жалғасы және т.б.

Сұрақ-көрме:

Бұл көрмені дайындау үшін алдын ала қызықты сұрақтарды жинастырып, оларды тақырыптар бойынша жүйелеу керек. Сонан соң, сол сұрақтарға түсініктемелер, жауаптар берілген кітаптарды, мерзімді басылымдарды таңдап алу керек. Көрмеге сұрақтың мәтінін, ал қасына осы сұраққа жауап беретін кітаптарды, мерзімді басылымдарды қою керек. (Мысалы: Сұрақ: «Сайын Мұратбековтің "Жусан исі" мен "Басында Үшқараның" шығармаларына ортақ тақырып?») т.б. (осы сияқты әртүрлі сұрақтар жазылып қойылады).

Көрме-портретжазушыға немесе кез келген көрнекті адамдарға арнап ұйымдастырылады. Бұл көрмеде жеке адамның даралығына баса көңіл бөліп, сол адам туралы әдебиеттер ұсынылады. Көрмеге фотосуреттер, иллюстрациялар, сол адамның жеке және кәсіби қызметін куәландыратын құралдар қойылады. Осындай көрмені сіздер «Бір ел- бір кітап» акциясына байланыстырып қоя аласыздар.

Викторина

  • 1. «Алыста қалған балалық шағым... Ойымнан: жарғақ сары тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін, шілбиген ақсақ қара бала бір кетпейді» деп басталатын әңгіме?
  • «Басында Үшқараның»
  • «Менің қарындасым»
  • «Жусан иісі»
  •  
  • 2. С.Мұратбековті «Менің қазақ бауырым, туысым» деп бауырына тартқан орыстың белгілі жазушысы?
  • В.Ульяшов
  • В. Шукшин
  • В.Вартанов
  •  
  • 3. «Жусан иісі» және «Басында Үшқараның» әңгімелерінің ортақ және басты тақырыбы?
  • Ұлы Отан соғысы
  • Ауыл өмірі
  • Жетімдер тағдыры
  •  
  • 4. Жастық шақ өтіп, отызға іліккенде әр адамның жүрегінде өзінің бозбалалық дәуреніне деген сағыныш пен қимастық сезім туады. Осы шақтағы толқу мен толғану қай шығармада қамтылған?
  • «Басында Үшқараның»
  • «Жабайы алма»
  • «Қысқы кеш»
  •  
  • 5. С.Мұратбековтің барлық шығармашылық мұрасы қанша әңгіме повестерден тұрады?
  • 50- ден астам
  • 30- дан астам
  • 15-тен астам
  •  
  • 6. Ұлы Отан соғысы жылындағы ауыртпалықты суреттейтін шығарма?
  • «Көкорай»
  • «Басында Үшқараның»
  • «Жусан иісі»
  •  
  • 7. «Әсет далаға көз тастаған. Сол баяғы талай рет аттылы-жаяулы жол шеккен бел-белестері» деген жолдар қай әңгімеде кездеседі?
  • «Жусан иісі»
  • «Басында Үшқараның»
  • «Күзгі бұралаң жол»
  •  
  • 8. Жазушы шығармасындағы ғажайып қиялдарға беріліп, армандайтын бала кім?
  • Садық
  • Есікбай
  • Аян
  •  
  • 9. «Жусан иісі» әңгімесінің идеясы?
  • жетім баланың ата-анасын сағынуы
  • туған жерге деген сүйіспеншілік
  • балғын бала махаббат
  • 10. С.Мұратбековтің шығармашылығының шыңы болған әңгіме?
  • «Жабайы алма»
  • «Қылау»
  • «Басында Үшқараның»

Сондай-ақ сіздерге, біздің кітапханамыздың қорында бар Сайын Мұратбековтің өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттер мен мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар тізімін ұсынамыз.

Әдебиеттер

Валиханов, Ш. А. Кейіпкер сөзі // ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы . - 2013. - № 4. - 101-107 б.

Мұратбеков, С. Кездесу. Құм арасында // Жұлдыз. - 2007. - №12. - 3-12  б.

Мұратбеков, С. Күсен-Күсеке // Жалын. - 2006. - №2. - 42-47  б.

Мұратбеков С. Шығармалар жинағы. - Алматы : Өлке, 2006 –2-том. - 240 б. - (Отырар кітапханасы).

Мұратбеков, С. Ескек жел: әңгімелер: балалар және жастар әдебиеті. - Алматы : Раритет, 2004. - 280 б. - (Қазақ прозасы қазынасынан).

Мұратбеков, С. Екі томдық таңдамалы шығармалар: повестер. - Алматы : Қазығұрт, 2003 - Т.1. - 400 б.

Мұратбеков, С. Бес томдық шығармалар жинағы. 1 т. : Повестер, әңгімелер / ред. Н. Дербісалина. - Алматы : Жазушы, 1991. - 461 б.

Мұратбеков С. Таңдамалы шығармалар: 2 томдық- Алматы : Жазушы, 1991.- 1 т. : повестер, әңгімелер / ред. Н. Дербісалина. -  1991. - 464 б. .

Мұратбеков С. Таңдамалы шығармалар: 2 томдық. - Алматы : Жазушы, 1991. - 2 т. : әңгімелер, повестер / ред. Н. Дербісалина. -  1991. - 448 б.

Мұратбеков, С. Басында Үшқараның...: [жинақ]. - Алматы : Қазақстан, 2010. - 478 б. - (Замандастан мирас).

Мұратбеков, С. Көкорай. Жусан иісі: повесть. - Алматы : Жазушы, 1967. - 196 б.

Мұратбеков, С. Дос іздеп жүрмін: әңгімелер. - Алматы : Жазушы, 1973. - 261 б.

Мұратбеков, С. Көкорай: әңгімелер, повесть. - Алматы : Жазушы, 1979. - 499 б.

Мұратбеков, С. Ауыл оты: әңгімелер. - Алматы : Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1964. - 143 б.

Мұратбеков, С. Жабайы алма. - Алматы : Ан Арыс, 2010. - 397 б.

Мұратбеков С. Шығармалары. - Алматы : Ан Арыс, 2013 -. 1 т. : Әңгімелер / құраст. Қ. Мұратбекова. - 319 б.

Мұратбеков С. Шығармалары. - Алматы : Ан Арыс, 2013 -. 2 т. :[Жабайы алма]: повесть / құраст. Қ. Мұратбекова. - 326 б.

Мұратбеков С. Шығармалары. - Алматы : Ан Арыс, 2013 -. 3 т. : Повестер, әңгімелер, очерк / құраст. Қ. Мұратбекова. - 319 б.

Мұратбеков С. Шығармалары. - Алматы : Ан Арыс, 2013 -. 4 т. : Сұхбаттар, очерктер, аудармалар / құраст. Қ. Мұратбекова. - 326 б.

Мұратбеков С. Шығармалары. - Алматы : Ан Арыс, 2013 -. 5 т. : Аудармалар / құраст. Қ. Мұратбекова. - 319 б.

Мұратбеков, С. Жүсан иісі: [әңгімелер]; құраст. және ред. А. Ментебаева. - Алматы : Олжас кітапханасы, 2012. - 179 б. - (Қазіргі проза шеберлері).

Серғалиев, М. Кең өріс: әдеби - сын мақалалар. - Алматы : Жазушы, 1983. - 254 б

Уақыт және қаламгер: әдеби сын мақалалар. Бірінші кітап / құраст. Ә. Жәмішев. - Алматы : Жазушы, 1973. - 262 б.

Уақыт және қаламгер.1984: әдеби сын. Оныншы кітап / құраст. Р. Бердібаев. - Алматы : Жазушы, 1984. - 272 б.

                                Ол туралы

Ашанова, А. "Басында Ұшқараның" қалай жазылды?// Қазақ әдебиеті. - 2008. - 19-25 желтоқсан. - 8-9 б.

Аупбаев, Ж. Бәйге аты мүсінін жасырады // Жалын. - 2010. - № 4. - 18-24 б.

Аханбайқызы, А. Сайын Мұратбеков: "Әңгіме-ерке де еркін жанр...": жазушы Сайын Мұратбековпен сұхбат // Жас Алаш. - 2002. - 21 қараша. - С. 5 .

Әмірбекұлы, С. Шағын жанрды шығармаға сыйдырған талант // Айқын. - 2013. - 12 наурыз. - 5 б.

Әшімбаев С. Екі томдық шығармалар жинағы // Астана : Елорда, 2006 - 2-том : Әдеби сын : Портреттер, эсселер, толғаулар. - 328 б.

Баянбай, Қ. Құпия кездесу // Жалын. - 2010. - № 4. - 26-28 б.

Бектасова, Г."Менің қарындасымнан" басталған жол: жазушы Сайын Мұратбековтің мөлдір әлемі // Түркістан. - 2011. - 17 қараша - 10 б.

Бердібаев, Р. Өмір сүреттері. // Жалын. - 2010. - № 4. - 24-26 б.

Елубай, С. Басында үшқараның // Жалын. - 2010. - № 4. - 11-14 б.

Дәдебаев, Ж. Жусан иісті дара талант: [С.Мұратбековтын творчествосы туралы] // Қазақ әдебиеті. - 2006. - 4 тамыз . - 6 б.

Досанов, С. Сымбатты бөлек сырлы әлем: // Егемен Қазақстан. - 2008. - 8 ақпан. - 6  б.

Жұпарғалиева, А. Өмір жырын шерте білген: Сайын Мұратбеков шығармаларындағы адам образы // Қазақ әдебиеті. - 2006. - 30 наурыз

Иманасов, С. Қаламдастарым мен замандастарым: (Эсселер, пайымдамалар, арнау өлеңдер). - Алматы : Қазақстан, 2001. - 224 б.

Қаупынбайұлы, Т. Ұмытпайық! // Егемен Қазақстан. - 2011. - 14 сәуір - 8 б.

Мұратбекова, М. Жібектей жұмсақ жан еді // Жалын. - 2010. - № 4. - 28-30 б.

Рахымжанов, К. С. Мұратбеков әңгімелеріндегі ауыл өмірі // Жұлдыз. - 2010. - № 11. - 174 - 180 б.

Тілегенов, Б., В. Владимирович Әдебиет - оның өмірі // Жалын. - 2010. - № 4. - 15-17 б.

Ыбырайымұлы, Ә. Сайын: эссе // Егемен Қазақстан. - 2006. - 13 қазан

  • ( Н.З.Бейсенбекова, Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды ОӘҒК кітапханаларды дамыту
  • бөлімінің инновациялық-әдістемелік жұмыстар бойынша аға кеңесшісі)