Ағымдағы жылдың қараша айының 7 жұлдызында кітапхана және "Қарағанды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы" жанындағы "Ресурстық тіл орталығы" қызметкерлерінің бірлесіп ұйымдастыруымен ҚММУ жанынан құрылған Қарағанды медицина колледжінің "Медбике ісі" мамандығының 1 курс студенттерімен кездесіп  "Латын әліпбиі – болашаққа қадам" тақырыбында ақпараттық сағаты өткізілді.

"Заманның талабы, адамның талабы" дегендей бүгінгі таңның дәйекті бағытының бірі латын әліпбиі болып отыр. Елбасымыз "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында болашаққа сенімді қарауға мүмкіндік берген бірегей мәселе қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіруді басты міндет етіп белгілейді.

"Біріншіден қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарынан бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер" деді Елбасымыз таяу жылдардағы міндеттерді саралай келе.

"Бір жазудан екіншісіне көшу халықтың рухани байлықтан сусындауына қосымша қиындық келтіруі мүмкін. Сондықтан әліпби мен жазу мәселесіне әлеуметтік лингвистика тұрғысынан жете назар аударған жөн. Алдымен әр тілдің дыбыс қорын анықтап, содан кейін әр дыбысты әріптермен таңбалау қажет. Әліпби жасау үшін алдымен графикалық лингвистика теориясын терең танып, тілдің дыбыс жүйесіндегі фонемалардың өзіндік фонологиялық ерекшеліктеріне жете назар аударып, бөгде тілдерден енген сөздерге қатысты фонемаларды қалай таңбалау керек деген мәселелерді шешіп алу керек, одан кейін тілдің болмысын танытатын негізгі заңдылықтарын біліп, тілдің табиғатына сай келетін, өзіндік дыбысталу ерекшеліктеріне кері әсер етпейтіндей мәселелерді ескеру керек. Жазу барысында әр әріптің өзара кездесу жиілігі де назарға алынуы тиіс" деп ресурстық тіл орталығының  әдіскері Мұхаметжанова Жансая Олжабаевна айтып өтті. Латын әліпбиінің жаңа түрімен таныстырып, студенттермен латынша жазуларын есте сақтау және дағдыландыру мақсатында тестік тапсырмалар орындады.

2017 жылы кітапханада "Кітапханаға латын әліпбиіндегі кітап сыйла" акциясы ұйымдастырылған болатын. Акцияға қала тұрғындары бей-жай қарай алмады. "Болашағымыздың ертеңі жастар латын тілін терең меңгере білсін" - деген ниетпен үй сөрелерінде сақталып келген, латын тіліндегі кітаптарды кітапханамызға табыстады. Олар: Abai Qunanbaev "Tandamaly óleńderi", Nikolai Ostrovski "Qurysh qalai shynykty", Djek London "Aq azuv", "Batyrlar", I.I. Sokolov "Fizika kursy". Акцияның өтіп жатқанынан хабардар болған қала тұрғындары мен қала қонақтарының кітапханаға "Қазақша оқып, латынша жазамын" деп кітапханаға келушілер саны бүгінгі күні азаймаса, артып келеді. Бұл көз қуантып, көңіл марқайтады.

Латын қарпінде жазылған кітаптарға тоқталып, шолу жасаған кітапхана қызметкері "Бүгінде латын әліпбиі мәселесі кімді болсын толғандырмай қоймасы анық. Латын әліпбиіне көшу туралы айтылып келе жатқанына біраз уақыт болғанымен, бұл мәселе төңірегінде сан алуан пікірлер бар. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында бұл мәселенің де өз шешімі болары анық" екенін тағы бір мәрте түсіндірді.  Студент қауымына "Менің айтарым" парақшасы таратылып, латын әліпбиінің терең дамуына өз үлестерін қосатындықтарын айтып, өз ойларын қағаз бетіне латын қарпінде жазып, жеткізді.

Студенттерге кітапхана сайты мен мекен-жайы, ұйымдастырылған шаралар туралы нақты жазылған жарнама үлгісіндегі таратпа қағаздарын таратты.

"Кеңесіп пішкен тон келте болмас" демекші, сіз бен біз болып осы әліпбидің жандануына септігімізді тигізер болсақ, біздің көздеген мақсатымыз, аңсаған арманымыз орындалатыны анық. Латын қарпіне көшу мәселесі ел болып жұмыла кірісетін үлкен шаруа болғалы тұр. Қандай қадам жасасақ та ұлтымыз үшін игілікті боларына сеніміміз мол.

"Заман талабы – рухани даму" демекші, рухани өрісімізді кеңейту мақсатында кітапханамыздың сөрелеріндегі сырға толы тарихи мұраларымызды зерттеп, оқуларыңызға мүмкіндік мол.

Оқу залдары, кітапханашы Тусупбаева М. Ж.