Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мемлекет Басшысы Н.Ә. Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының "Туған жер" кіші бағдарламасын іске асыру аясында Астана қаласында ағымдағы жылдың 21-22 мамыр күндері Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері күніне орай, Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің "Рухани қазына" фестивалін өткізді. Фестивальға республикамыздың Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты кітапханалар мен музейлердің қызметкерлері қатысты.

Фестивальдің мақсаты – мәдениет саласы қызметіндегі тәжірибемен алмасу, қазақстандық патриотизм мен ұлттық-мәдени бірлікті дамыту аясында ұлттық мәдениетті насихаттау және аймақтық мәдениет ұйымдарының имиджін нығайтуға бағытталған үздік әлеуметтік-мәдени және білім беру тәжірибелерін көрсету.

Фестиваль аясында пленарлық отырыс, шығармашылық алаңдар, шеберлік сыныптар және "Рухани қазына-2018" республикалық байқауының қорытындысын жариялау ұйымдастырылды.

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына ұсынылған өтінімдерді қарастыру барысында республикалық деңгейдегі іріктеу сынына қатысу үшін Қарағанды облысы атынан "Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік кітапхана" номинациясы бойынша Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, "Үздік облыстық маңызы бар кітапхана мемлекеттік қызметкері" номинациясына Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері Қ.Ә. Рақым, "Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік кітапхана" номинациясы бойынша Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, "Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік кітапхана қызметкері" номинациясына Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкері Қ.С. Қожырбаева,  "Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік музей" номинациясына Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейі, "Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері" номинациясына Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қызметкері Қ. Әуезов ұсынылды.

Мәдениет саласы қызметкерлерінің басын тұңғыш рет қосқан аталмыш шара барысында еліміздің 16 өңірінен 114 өтінім қаралды.

Нәтижесінде мемлекеттік (облыстық, аудандық (қалалық) маңызы бар) музейлер мен мемлекеттік (облыстық, аудандық (қалалық), ауылдық маңызы бар) кітапханалар саласындағы 10 номинация бойынша анықталған үздіктерге арнайы марапаттар табысталды.

Фестиваль аясында өткізілген "Рухани қазына-2018" байқауының қорытындысы бойынша "Үздік облыстық маңызы бар кітапхана мемлекеттік қызметкері" номинациясында Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері Қайрат Рақым жеңімпаз атанды.


Қайрат Әнуарұлы Рақым облыстық кітапханадағы еңбек жолын 1997 жылдың ақпан айынан инженер-жүйетехник қызметінен бастады. 1999 жылы ҚарМТУ-ін "автоматтандырылған жобалар жүйесін әзірлеуші" біліктілігінің берілуімен ақпараттық технологиялар факультетін үздік аяқтады.

2003 жылдан бастап жаңа технологияларды енгізу бойынша аға кеңесші, 2012 ж. – жаңа технологиялар секторының басшысы,  2014 жылдан бері техникалық қызмет көрсету және бағдарламалық қамтамасыз ету секторының басшысы қызметін атқарады.

Қ. Рақымның "Ақпараттандырылған кітапханалық жүйе" атты дипломдық жұмысы тәжірибеде де іске асырылды.

Компьютерлік техника және ақпараттық технология бойынша терең білімі, Қ.Ә. Рақымға облысымыздың кітапханаларын компьютерлендіру және автоматтандыруда жетекші маман болуға септігін тигізді. Облыста алғашқы болып Windows ОЖ үшін қазақ тілінде драйвер жазған. Облыс бойынша бірінші болып кітапханалық сайтты құрастырып, оны Интернет жүйесіне шығарған. Бірнеше идеялары Республикалық РАБИС бағдарламасында қолданыс тауып, ҚР Ұлттық Кітапханасының Компьютер орталығынын қызметкерлерімен танылды.

Оның ерекше үлесі - кітапханаларға ИРБИС жаңа автоматтандыру жүйесін енгізуде ол ұлттық тілдермен жұмыс, оның ішінде қазақ тілі мәселелерінің шешімін табатын жұмысын ұсынуы. Бұл мәселе бағдарлама ресми әзірлеушілері тарапынан (Ресей Мемлекеттік ғылыми-техникалық кітапханаларының жетекші мамандары) қолдау тапты.

Қ. Рақым жеткен жетістігінде тоқтамай, ол әр түрлі курстарда оқып, білімін жетілдіруін жалғастыруда. Оның ішінде халықаралық курстар да бар. Стэнфорд университетінің (АҚШ), Вашингтон және Принстон университетінің "Бағдарламалау тілдері" және "Компьютерлік лингвистика" атты тақырыптар бойынша қашықтықтан білім алып, халықаралық сертификаттарына ие болды.

"Заманауи ғылым, мәдениет, білім және бизнес әлеміндегі кітапханалар және ақпараттық ресурстар" атты Халықаралық "Қырым-2008" конференциясының қатысушысы. Конференцияда Қ. Рақым кітапханадағы АКАЖ оқшаулау көрінісін ұсынды.

Қ. Рақым Қарағанды облысы Әкімі сыйлығының (2006), ҚР Мәдениет және ақпарат Министрлігінің (2009), Қарағанды облысы Әкімі алғыс хатының (2017) иегері.

Қ. Рақым табиғатта демалуды жақсы көреді. Тарихи әдебиетті көп оқиды. Қазақ тілінің тарихи тамырын, түркі тілдерінің сабақтастығын зерттеуге құштар. Үш тілді жетік меңгерген, түрік тілін тереңінен үйреніп жатыр.

Байқау қатысушыларына арнайы марапатты (диплом және ақшалай сыйлық сертификаты) Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Серікқазыұлы Уәлиев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Бауыржанұлы Әлтаев, жазушы Әлібек Асқар, қоғам қайраткері Ғарифолла Есім, "Назарбаев университеті" кітапханасының бас сарапшысы П.Лапо, Қазақстан қарулы күштері әскери-тарихи музейінің директоры Перизат Өтепова, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхана директорының орынбасары Ә.Қожабекова табыстады.


Байқаудың барлық қатысушыларына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің алғыс хаттары табысталды.

Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің "Рухани қазына" фестивалі өтуде

"Рухани қазына" фестивалі басталды

"Рухани қазына" фестивалінің үздіктері анықталды

«Рухани қазына-2018» байқауының жеңімпаздары анықталды