"Бір ел – бір кітап" республикалық акция аясында таңдалған жыл кітаптарын оқырманға насихаттау кітапханашының міндеті. Осы тұрғыда Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай өткізіліп отырған Кітап фестивальі апталығы аясында жыл кітабы болып таңдалған Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын насихаттау мақсатында "Шоқтығы биік – Шәкәрім" атты танымдық кеш ұйымдастырылды.

Қазақ әдебиетінде шоқтығы биік ақынның ғұмырбаяны мен шығармашылығы жайлы ақпаратты Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің философия кафедрасының аға оқытушысы Жүсіпова Бақыт жиналған қауымға жүйелі де тартымды жеткізе алды.

Өмірін ақындықпен қатар өнермен де ұштастырған Шәкәрім, өлең-жырын ұшқырлай түсу үшін ән жазған. Осы кеште ақынның әндерін жинап, құрастырған Талиға Бекхожина, ауыл-ауылды аралап, ақынның әндерін насихаттаған әнші Келденбай Өлмесеков туралы айтылып, ақынның "Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек" әні де шырқалып, кешті ажарландыра түсті.

Кешке жиылған қауымның назарына ұсынылған кітап көрмесі ақын шығармалары мен Шәкәрімтану бойынша әдебиеттерді қамтып, қосымша ақын жайлы бейне роликпен толықтырылды. Аталмыш кешке қатысқан әр оқырман Шәкәрім жайлы мағлұматтармен толықсып, естелік суретке түсіп, білім көкжиегін кеңейтіп қайтты.