15 сәуір Қарағанды облыстық  Н.В. Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" махаббат күніне орай "Біз екеуміз бірге болсақ өлеңбіз" атты ақын Рауан Қабидолдин мен Айзада Рахымжановамен келелі кездесу өтті.                        

Кездесу еркін форматта өткендіктен,  келген көрермендер қос ақынымызға қызықты сұрақтарын қойып, қонақтарымызға Рауан Қабидолдинның жыр кітабы, дискілері сыйға тартылды. Ғашықтардың құрметіне, жақұт жырлар шашылып, көк телегейдей тербеліп, жыр шашуын шашып келген күйші Мадияр Сүлейменовтың орындауында күйлер күмбірлеп, "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері Айдана мен Дина аруларымыздың орындауында  ақ тамақтан ақтарылып әндер асқақтаған ғажап кеш болды!

Жүрегі – жырға, әлемі – әнге айналған өнер сүйер қауым қос ақын, қос ғашықтың шығармашылығымен танысып, біраз өнер жолында болған қызықты әңгімемен өрбіп, кешіміз "бізді табыстырған махаббат оқиғасымен" ашыла түскендей болды! Үлкен көрмеұйымдастырылып, онда қос ақынымыздың және "Жыр –Жауһар" поэзия клубы мүшелерінің шығармалары да қойылды.   

Келген қонағымызға, көрермендерімізге арналған тапсырмалар өте қызықты және сергіту сәтімен өтті. Поэзия тек кітап бетінде немесе әлеуметтік желілер де ғана емес, осындай кездесуде сөйлегенде әсерлі де өміршең екенін осы кеш тағы бір дәлелдеді!

Келген қонақтарымыз көп мағлұмат алып, рухани демалып қайтты. Сонымен қатар, кездесу кешімізде ақын қызымыз Айзада Рахымжанованың тырнақалды туындылары қағаз бетіне қатталып шығатын сәт алыста еместігі жайлы  жақсы  жаңалығымен бөлісті! Ендеше құрметті оқырмандар ақынымыздың кітабының тұсаукесерінде кездесейік!

Мерзімді басылымдар секторы Күлмағамбетова Г.С.