Ағымдағы жылдың 6 сәуірі күні кітапханада "100 жаңа есім" жобасының Қарағандылық жеңімпаздарын таныстыру мақсатында ұйымдастырылған "Жаңғыру жолындағы жаңа есімдер" атты "Халық қаһарманы" атағының иегері, полковник Үмбетов Қайрат Жарылқасынұлының кітапхана қызметкерлерімен кездесу кеші өткізілді.

Іс-шара "100 жаңа есім" жобасының Қарағандылық жеңімпаздарын таныстыратын презентациямен басталып, кеш барысында полковник Қ.Ж. Үмбетовке әртүрлі сұрақтар қойылып, оның өмір жолымен танысты. Қ. Үмбетов өзінің әскери жолға түсінуіне оның офицерлер отбасынан шыққандығы негіз болғандығын айтып кетті.

Аудитория тарапынан полковниктің 2016 жылдың 7 сәуірі күнгі ерлігі жайында сұрақ қойылды. Яғни, сол күні Қарағанды облысының Қарабас кентіндегі әскери оқу-жаттығу орталығында жедел қызметтің жеке құрамымен бірге граната лақтыру барысында 6505 әскери бөлімінің бастығы Қайрат Үмбетов өз өмірін қатерге тіге отырып, жас жауынгер А. Сұлтанқұловты жарылыста өз кеудесімен жауып, өлімнен құтқарып қалады. Екеуі де жарақаттанып, Абай қалалық ауруханасына жеткізіледі. Қ. Үмбетовке екі рет ота жасалып, араға уақыт салып қызметіне қайта оралады. Полковник бұл қадамға барғандағы әрекетін "Әрбір азаматты құтқару, Отан алдындағы борышым", деген толғаныспен жеткізді.

Осындай ерлігі үшін Қ. Үмбетовке "Халық қаһарманы" атағы беріліп, "Алтын жұлдыз" және "Отан" ордендерімен марапатталды.

Іс-шара қатысушысы,ҚР Ұлттық ұланы "Орталық" өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы Қанат Дос полковник Қ. Үмбетовтің қызмет жолы туралы айтып берді.

Сондай-ақ, "Ұлттық ұлан – ел айбыны" атты кітап көрмесі ұсынылып, шара қатысушыларына ҚР Қарулы күштерінің құрылуы, ұландарымыздың әскери дайындығы жайында және мерзімді материалдар бетінде жарияланған Қ. Үмбетовтің ерлігі туралы материалдарға шолу жасалды.

Шара соңында қазіргі күннің батыры Қайрат Үмбетовке кітапхана ұжымы атынан "Алғыс хат" табысталып, ақ тілектер айтылды.

 Серікжанова А. сектор басшысы