Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы – Ұлыстың ұлы күнінің баршамыз үшін жолы да, жөні де бөлек. "Туған ай-тураған етпен тең", әне-міне дегенше, қар еріп, жылғалардан су ағып, табиғат ана жасарып, көктемнің саумал самалына ілесіп Наурыз да жетті.

Наурыз мейрамы – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Дәстүрлі қазақ қоғамында "Ұлыстың ұлы күні" жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды делінген. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған.

Себебі, тіршілік-тынысы мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, қыс бойы тар қыстауда қысылып, сайдың сағасын, таудың ығын паналап, малын жұттан, жыртқыш аңнан аман-сау алып шығудың өзі қаншама күш-қайратты, төзімділікті қажет етеді десеңізші? Наурыз келгенде қыс қырсауы босап, жер арқасы жібіп, жаңа тіршілік басталып, табиғат-ана түлей бастайды. Жан-жануар мен өсімдік әлеміне жан кіреді. Одан ары мал төлдеп, елдің аузы аққа тиіп, уызға жариды. Елдің ардақтап, асыға күтетін жыл мерекесі, шаруа тойы, табиғат мейрамы осы Наурыз болғандықтан, бұл күнге ерекше дайындалады. Дастарханға бар тәттісін жайып, көркем киініп, ауыл-аймақ, туған туыс, тамыр-таныстарына "Ұлыс оң болсын, ақ болсын" деген бата-тілектерін жеткізеді.

Қазақ халқы үшін осындай Ұлы күн қарсаңында кітапханамыздың оқу залында "Наурыз – ұлттық мұра" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінің мақсаты оқырмандар мен қонақтарға наурыз мейрамы жайлы түсінік беріп, Қазақстан халқының салт-дәстүрін көрсету және дәстүрлі мерекені құрметтей білуге шақыру.

Көрме ерекшелігі сөредегі кітаптар фотоальбомдармен жабдықталған, сондай-ақ, наурызда дайындалатын тағам түрлері арнайы фотосуреттермен көрсетілген. Көрмеде Наурыз тойын атап өтудің мән-маңызы мен оның тарихы, қазақтың салт-дәстүрі мен  мерекеде ойналатын ұлттық ойындарымыз туралы кітаптар көпшілік оқырмандарға ұсынылған.

Наурыз-бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған, халық қастерлейтін ұлы күн.

Баршамыз үшін Ұлыстың ұлы күні бата-тілек пен ақ ниетке сусындайтын күн. Наурыз мерекелеріңіз құтты болсын ардақты қазақ елі! Әрқашан амандық-саулық, ақ тілек, меймандастық, адалдық серіктеріңіз болсын!

Оқу залдары, кітапханашы Тусупбаева М.