Ананың тілі, ананың махаббаты, ананың тілегі тіл жетпес жатқан бір теңіз емес пе? Па, шіркін, ананың айналып - толғанғаны кімнің есінен кетеді! Шырылдап жерге түскеннен - ақ сенің ең жақын, ең бір ұстазың бар. Ол - ана: қара жерді баспай жатып, есіңді білмей жатып, шырылдап уанбай жылап, сенің іздейтінің – ана. Ана десе толқымайтын жүрек, тасымайтын қан, сезбейтін сезім болуға мүмкін емес? Мен білетін қазақ әйелі, қазақпын дейтін қара көз, қара баланың анасы, сенің махаббатың балаға тіл жеткісіз биік.

Ғабит Мүсірепов

Бақытты балалық шағымыздың шат көңілді өтуіне барлық жағдайды жасаған аяулы аналардың, әлемді мейірімімен шуақты қылып жүрген нәзік жандардың мерекесі 8-наурыз Халықаралық Әйелдер күні жыл сайын еліміздің түпкір-түпкірінде тойлануда.

Адам бойындағы жақсы қасиет күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған. Құрметті асыл аналар, қадірлі әжелер мен қызғалдақтай құлпырған нәзік жанды қыздарымыздың мерекесі қарсаңында кітапханамыздың оқу залдары бөлімінде ерекше ыстық ықыласқа толы "Ана-өмір, Ана-бақ" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Оқырмандарға әлемнің жарығын сыйлаған аналар мерекесі туралы түсінік беру мақсатында құрылған көрменің"Қазақ тарихындағы әйелдер" атты кітабы ерлік пен даналық, парасат пен пайым жайында баяндайды.

Кітап көрмесінің сөрелері қазақ аруларына арналған түрлі материалдар мен аналар одасы фотосуреттерімен көркемделген.

Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының 20 жылдығына арналған "Қазақстанның қанатты әйелдері" атты кітап Қарағанды облысы яғни, еліміздің әр аймағындағы білікті де, беделді, белсенді де, танымал әйелдердің  қоғамдағы орны, еліміздің дамуына үлестерін қосуы жайында жазылған.

Аналарымыздың, қыздарымыздың көңілдері көктемнің шуақты күніндей мейірім-шапағатқа бөлене берсін. Мерекелеріңіз құтты болсын, аяулы да ардақты аналар және қыз-келіншектер!

Оқу залдары, кітапханашы Тусупбаева М.Ж.