«Бір ел – бір кітап» Республикалық акциясы ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу мен насихаттауға, оқу ісін ілгерілетуге, рухани мұрамызды сақтап, дәріптеуге үлкен септігін тигізеді. 2007 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл акция оқырман қауымына өте таныс. Жылдың басынан «Жыл кітабы болып қай туынды таңдалады» деген сұрақтар кітапханамызға көптеп түсіп жатады.

23 ақпан күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Жыл кітабын анықтау үшін республикалық комиссиясының отырысы өтті. Оқырман алдындағы үлкен міндетті атқару үшін кітапхана атынан ғана емес, жалпы облыс атынан осы жауапты шараға қатысып қайттым.

Отырыста республика бойынша «Жыл кітабына» ұсыныс жасау туралы сауалнама нәтижесінде жоғарғы көрсеткішті көрсеткен он үздік шығарма дауысқа түсті.

Дауыс беру барысында комиссия мүшелерінің пікірлері тыңдалып, ең көп дауысқа ие болған шығармаларды отырыс қатысушылары талқыға салды. Кітапхана оқырмандарының ең көп сұранысына ие болған үздік үш шығарма кеңінен қарастырылды, шығарманы оқу деңгейінің жоғары екендігі айтылды.

Ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау бұл біздің, яғни кітапхана ісі мамандарының басты міндеті екендігі айқын.

2007 жылдан бері дәстүрге айналған акцияның өткен жылдарға қарағандағы ерекшелігі – 2018 жылғы «Жыл кітабына» бірден үш автордың үздік шығармалары таңдалып алынды. Атап айтсақ, Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» атты кітаптары жыл бойына қалың оқырмандарға насихатталатын болады.

Бұл үш бірдей шығарма өскелең ұрпақты патриоттық, азаматтық, туыстық, достық сезімге тәрбиелейтін, өнегеге толы, ата-бабаларымыздың қасиетті шежіресінен сыр шертетін ғажайып туындылар болмақ. Қаламгерлердің байырғы рухани мұраларымызды, бізге қалдырған әдеби жәдігерлерімізді оқырман қауымға ғылыми негізде, әрі көркем тілмен қызықты хикая ретінде әңгімелеуге толық мүмкіндік берген.

Рухани жандандыратын, болашақ жастарды елжандылыққа баулитын тамаша таңдау құтты болсын, ағайын!

Әдебиет сүйер қауым, сіздерді жыл бойына оқылатын үздік туындылардың сүйікті оқырмандары болуға шақырамыз!

  Серікжанова А., сектор басшысы